Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға қоршау сыртындағы шөп үшін айыппұл салына бастады

ауладағы шөп
Фото: Allcafe.ru

Қазақстанда үйінің қоршауынан тыс жердегі шөпті уақтылы шаппаған тұрғындарға айыппұл салынуы мүмкін. Шілдеде күшіне енген жаңа абаттандыру ережесіне сәйкес, жеке үй иелері қоршаудан тыс 5 метр аумақта тазалық сақтауға міндетті. Талапты бұзғандарға 86,5 мың теңгеден астам айыппұл қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, әйелге бұған дейін шығарылмаған күлге қатысты ескерту жасалған.

Жаңа ережелерге сәйкес, жеке үйлер мен ғимараттардың иелері қоршаудан сыртқа қарай 5 метр аумақта тазалық сақтауға міндетті. Талапты бұзғандарға 86,5 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Ал ереже қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 130 мың теңгеге жуықтайды.

Жаңашылдық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабымен, яғни абаттандыру ережелерін бұзумен реттеледі.

Алайда заңда шөпті нақты қанша метрге дейін шабу керектігі көрсетілмеген.

Қарағанды қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Жалғас Тұрсынов шөптің қанша метр болу керек екенін түсіндірді.

"Қарапайым тілмен айтқанда, шөп тізеден жоғары болмауы керек. Егер тұрғын егде немесе қарт адам болса, біз жазалаушы орган емеспіз, алдын алу сипатында жұмыс істейміз. Ескерту жасап қана қоймай, аудан немесе қала әкімдігімен бірлесіп, шөпті шабуға қандай да бір көмек көрсете аламыз", – деді Жалғас Тұрсынов.

Егер тұрғын салынған айыппұлмен келіспесе, оған шағым түсіруге болады.

Заңгер Илья Махлов мұндай жағдайда хаттамаға қол қоюды, бірақ оған өз келіспеушілігін жазып көрсетуді ұсынады.

"Егер бұл мүлде елеусіз құқық бұзушылық болса, іс жүргізуді тоқтатуға болады. Ал егер бұл салдарға әкеп соққан неғұрлым маңызды жағдай болса, онда оны даулауға мүмкіндік бар. Көп нәрсе полицияның әрекетіне де байланысты. Құқық бұзушылықтың өзі дұрыс рәсімделді ме, хаттама талапқа сай толтырылды ма – мұның бәрі маңызды. Бұл ретте қоршаудың ішіндегі қоқыс, шөп немесе басқа да қалдықтар жеке аумаққа жатады. Сондықтан тұрғынды өз ауласындағы жағдай үшін бұл талап бойынша айыппұлға тартуға болмайды", – деді заңгер.

Дегенмен полиция тұрғындарды қоршаудың ішін де, сыртын да таза ұстауға шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде арнайы рұқсатсыз жабайы өсімдік жинаған ер адам ұсталған еді. Ол ұлттық парк аумағынан шамамен 2,5-3 келі жалбыз жинаған. Азаматтың орман билеті мен қажетті рұқсат құжаты болмаған. Парк өкілдерінің мәліметінше, келтірілген залал шамамен 10 мың теңге деп бағаланған. Ер адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 375-бабының 4-бөлігі бойынша хаттама рәсімделіп, 129 750 теңге айыппұл салынған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта жабайы өсімдіктерді өз бетінше жинауға, табиғи ортадан алуға және өсімдіктерді зақымдауға тыйым салынған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 09:43