Атырауда ірі қара мал белгісіз себептен қырылып жатыр
Атырау қаласына қарасты Кенөзек ауылдық округінде соңғы айларда 20-дан астам ірі қара мал қырылған. Алғашқы зертханалық сараптамалардан қауіпті аурулар анықталмағанымен, шаруалар малдың өлім себебі әлі белгісіз екенін айтып, қосымша зерттеу жүргізуді сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі inform.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау қаласына қарасты Кенөзек ауылдық округінде соңғы айларда 20-дан астам ірі қара мал өлген. Шаруалар малдың қырылу себебін анықтауды сұрап отыр.
Шаруалардың айтуынша, соңғы айларда мал шығыны көбейген. Қалибек Жиенбаевтың шаруашылығында биыл 19 бас мал өлген. Кәсіп иесі жалпы шығынды 8 миллион теңгеге бағалап отыр.
"Ең бастысы – малдың неден ауырғанын анықтау. Олар жайылымнан қайтып келе жатып та, қорада да өліп жатыр. Бұл мәселе тек менің шаруашылығымда емес, басқа шаруашылықтарда да бар", – деді Қ.Жиенбаев.
Кенөзек ауылдық округінің әкімі Эдуард Оспановтың айтуынша, қауіпті ауру белгілері анықталмаған малдың өлекселері санитарлық талаптарға сәйкес жойылып, олар ұсталған орындар залалсыздандырылған.
Атырау қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Ықылас Азаматовтың айтуынша, жүргізілген зертханалық сараптамалардың нәтижесі бойынша қауіпті аурулар анықталмаған.
"Біз қан сынамаларын және патологиялық материалдарды алып, облыстық ветеринариялық зертханаға жібердік. Нәтижелері теріс болды. Сонымен қатар су мен жемнен де сынама алынды. Олардың да нәтижесі таза шықты", – деді ветеринариялық станция басшысы.
Шаруалар малдың қырылу себебін жауапты органдар анықтап беруін сұрап отыр. Нақты диагноз қойылмағандықтан, олар малды қалай емдеу керегін де білмейді. Қазір шаруалар қосымша зерттеу жүргізуді талап етіп отыр.
Патологиялық материалдардың сынамаларын Астана немесе Алматы қалаларындағы ветеринариялық орталықтарға жіберу мәселесі әзірге қарастырылмаған.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау ауданында нөсер жауын мен қатты жел салдарынан 100-ден астам жылқы қырылды. Жануарлар Ақшымырау ауылы маңындағы сорға батып қалған. Қазір мал шығынының нақты көлемі анықталып, зардапты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады
