Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Молдова парламент сайлауында президент Сандудың еуропашыл партиясы жеңіске жетті

Молдова парламент сайлауында президент Сандудың еуропашыл партиясы жеңіске жетті

Фото: Vladislav Culiomza / Reuters

Молдова президенті Майя Сандудың “Әрекет және ынтымақ” атты еуропашыл партиясы жаңа құрамдағы парламентте абсолютті көпшілік мандатқа ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВСС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Дауыстың шамамен 97%-ы есептелгеннен кейін, президент Майя Сандудың “Әрекет және ынтымақ” (PAS) партиясы 49,7% дауыс жинап, парламенттегі 101 орынның жартысынан көбін иеленді. Алдын ала мәлімет бойынша, тағы бір еуропашыл саяси ұйым “Альтернатива” блогы сегіз мандатқа ие болмақ.

Ал бұрынғы президент Игорь Додон жетекшілік ететін “Социалистер” партиясы, экс-президент Владимир Воронин басқарған Коммунистер партиясы және бұрынғы премьер Василий Тарлевтің “Молдованың болашағы” партиясы кіретін ресейшіл “Патриоттық блок” шамамен 24,5% дауыс жинап, 27 депутаттық орынға ие болды.

Сондай-ақ парламентке тағы екі партия өтті. Оның бірі – Молдованы Румыниямен біріктіруді қолдайтын ұлтшыл-консерватор Василе Костюк жетекшілік ететін “Үйдегі демократия”, екіншісі – популист Ренато Усатый басқаратын “Біздің партия”.

Сайлау партиялық тізімдер бойынша өтті. Партияның парламентке өтуі үшін кемінде 5%, ал блоктың кемінде 7% дауыс жинауы қажет болды.

Ресейшіл блоктың жетекшісі Игорь Додон оппозиция жеңіске жетті деп мәлімдеме жасады. Айтуынша, бұған себеп –  Майя Санду партиясының абсолютті көпшілік дауыс ала алмауы. Додон дүйсенбі күні күндіз жақтастарын парламент маңына митингке шығуға шақырды, ал жексенбі кешінде өзі Василий Тарлевпен бірге жақтастарымен Орталық сайлау комиссиясы ғимаратына барып, наразылық акциясын өткізді.

Сайлауалды науқан жанжалдар мен билік пен оппозицияның бір-бірін фальсификацияға дайындалды деп айыптауларымен қатар жүрді. Дауыс беру күніне бірнеше күн қалғанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деген айыппен ондаған адам ұсталды. Ал сайлауға төрт күн қалғанда Ресей сыртқы істер министрлігі Молдова елшісін шақырып, молдовалық биліктің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы бақылау миссиясына ресейлік байқаушыларды аккредиттеуден бас тартуына байланысты қарсылық білдірді.

Саясаттанушылардың пікірінше, Санду партиясы осындай дауыс үлесімен 101 орынның шамамен 53-і және одан да көбін иелене алады. Бұл билік басындағы еуропашыл партияның үкіметті әрі қарай да өз бетінше құрып, қажет заңдарды қабылдай алатынын білдіреді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 10:53
Талқылау