Молдақасымованың даулы мәлімдемесі: Материал бас прокуратураға берілді
Бас прокуратураға Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы қызметкерлерінің коронавирусты жұқтыру туралы іс бойынша материалдар берілді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, жаппай жұқтыру фактілері бойынша тиісті ауруханада эпидемиологиялық тексеру жүргізілді. Комитетте жасалған қорытындыларға сәйкес, жаппай жұқтыру себептерінің бірі - медицина қызметкерлері тарапынан сақтықтың болмауы. Бұл санитарлық ережелердің қолданыстағы талаптарын сақтамауға әкеп соқты.
"Демек, БАҚ-та жарияланған Айзат Молдақасымованың алдын ала ақпараты ішінара расталды. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін эпидемиологиялық тергеу материалдары бас прокуратураға жіберілді. Қарау нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады", - деп хабарлады комитетте.
"Қызметтік тергеу Айзат Молдақасымоваға қатысты жүргізілді. Оның нәтижелеріне сәйкес қолданыстағы заңнама талаптарының қандай да бір бұзылуы анықталмаған. Молдақасымова өзін жауапты басшы ретінде көрсете білді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта онымен еңбек қатынастары өз еркімен жұмыстан босату туралы арызына сәйкес бұзылды", - деп толықтырды ведомствода.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Молдақасымова департамент басшысы қызметінен босатылғаннан кейін Алматының бас санитар дәрігері болып Жандарбек Бекшин тағайындалды. Айзат Молдақасымованың өзі қазіргі таңда Алматыдағы Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығын басқарады.
Еске салайық, коронавирус жұқтырған Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы қызметкерлері президентке үндеу жолдап, Алматының бас санитарлық дәрігерінің сөзіне шағымданды.
"Дәрігерлер қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан инфекцияны жұқтырды", - деп мәлімдеген болатын қаланың бас санитарлық дәрігері Айзат Молдақасымова.
Кейін Молдақасымованы сотқа бермек болған дәрігерді арнайы бригада мәжбүрлеп әкетпек болғаны белгілі болды.