Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің күйеуім Бишімбаевты ақтайды және ол оны қорғаған сайын мен қатты қорқамын"

Қазақстанда қазір әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын қоғам қатты бақылауға алған. Осы тұста әлеуметтік желіде өздерінің де тұрмыстық зорлық-зомбылық көретіндерін айтқан әйелдер күйеулерінің Бишімбаевты қолдайтынын мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

TikTok желісінде жазба қалдырған әйел өзінің үш жылдан бері тұрмыста екенін, бір баласы барын және екіншісіне аяғы ауыр екенін жазады. Күйеуімен арасында барлығы жақсы емес екенін айтқан ол отбасында ұрыстың жиі болатынын жасырмайды.

“Жүкті болмас бұрын үйіме кетіп қалғанмын, енді бірнеше айдан бері арамыз жақсы. Барлығы өз орнына түскендей, бақытты өмір сүре бастадық. Бишімбаевқа қатысты атышулы сотты біз де қарап отырмыз. Оның кінәлі екені анық қой”, – деп жазады әйел.

Алайда оның сөзінше, күйеуі Бишімбаевты “ақтап жіберуге” дайын.

“Ол бар болғаны 5-7 жылға ғана сотталуға лайық, дейді ол. Сөзінше, бұл абайсызда адам өлімі болған қарапайым отбасындағы дау. Мені оның бұл позициясы шошытады. Біздің барлық ұрыс-керісіміз бен қол көтеру жайттары артта қалды деп ойлағам. Мен оның ақылы толысып, дұрысталды деп үміттенгем. Күйеуім оны (Бишімбаев – ред.) ақтаған сайын маған өте қорқынышты”, – деп баяндайды ол.

Бұл жазбаның астына жазылған пікірлер де өте көп және әралуан. Олардың ішінде әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған Бишімбаевты даттағандардың саны басым болғанымен, сотталушыны ақтайтындар да жоқ емес. Мәселен сондай қолданушылардың бірі: “Әйел дұрыс болса еркек ешуақытта мұндай әрекетке бармайды” деп жазған. Бұл пікірді жазған ер адам екенін атап өтудің маңызы бар. Мұндай пікірді жақтаған әйел азаматтар да кездеседі. “Мен қызбын және менің пікірім де осындай” – дейді олардың бірі.



Пікір жазушының тағы бірі өзін “Бишімбаев секілді азаматтың қызымын” деп атайды. “Өмірбойына сотталсын. Бұлай деп менің бұзылған жүйкем айтуда. Осы себепті тұрмысқа шықпай қалдым” – деп жазған ол. Тағы бір қолданушының сөзінше “егер ер адам бір рет қол көтерсе екінші мәрте де көтереді”, “бұл менің өз басымнан өткен” дейді.

Пікір жазушылардың бірі “Бишімбаевты соған ұқсайтын азаматтар ғана қорғайды” деген ойын айтады.

“Сотты сағызша созып жіберді” деген пікір жазушы күйеуінің Бишімбаевтың әрекетіне қатты ашуланатынын айтады. “Күйеуім де мен де сотты қалт жібермей қарап отырмыз. Екеуміз талқылаймыз, ол Бишімбаевтың қылмыскер екенін, өмірбойына соттау керек екенін айтады” – деп жазады қолданушы.

Тағы бір қолданушы “Салтанат та Қуандықты өзгереді деп күткенін” айтады. “Бірақ ол өзгерген жоқ” – дейді пікір білдіруші.

Жазба астына өздерінің тұрмыстық зорлыққа ұшырағанын баяндаған әйелдер қауымы Бишімбаевқа қатаң жаза шығаруды талап еткен. Меруерт есімді желі қолданушысы қоғам ішінде “Бишімбаевты жақтайтын ер азаматтардың көп екенін” атап өтіп мұны “өте қауіпті” деп атайды.

Айта кетейік, Астанада Бишімбаевқа қатысты сот отырысы аяқталуға жақын. Бұл туралы 18 сәуірде судья Айжан Көлбаева мәлімдеген. Соңғы өткен сот отырысында судья Айжан Көлбаева сот отырысы аяқталып жатқанын және жақын арада тараптардың сөз таласы басталатынын атап өткен. Ол тараптарға осы уақытта барлық құжатты дайындауды тапсырған.

Бұған дейін Бишімбаевтың туысы Байжанов көмек сұрап қоңырау шалған дәрігер сотта куәгер болған. Cонымен қатар вип бөлмеде Салтанат Нүкенованың саусақ іздері табылмағаны белгілі болды. Содан соң үй тазалаушы қызметкер олардың үйіндегі қанның фотосын Байжановқа жіберіпті. 

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау