Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл неке – харам": Діни басқарма Нүкенова мен Бишімбаевтың некесін қиған имамды жазалағанын мәлімдеді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қияр алдында бас мешіт имамы діни басқарма тәртібін орындамағанын мәлімдеді. Олар салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден

Басқарма мәліметінше, 2022 жылдың 17 қазанында Астанадағы бас мешітте Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың өтініші бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан екі жастың АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде олар "жасалып жатыр" деп жауап берген. Олар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмей, мұсылманша неке қиылмаған "азаматтық неке" зина болып саналатынын мәлімдейді. Жоғарыда аталған теріс сипаттағы "азаматтық некенің" шариғаттағы үкімі – харам. Мұсылман баласы арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәдан аулақ болуға тиіс", – делінген басқарма мәлімдемесінде.

Ал аталған мешіт азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі жұмыс тәртібін бұзған республикалық бас мешіт имамы Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды. 

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жарғысына сәйкес, басқарманың ресми діни қызметкерлері еліміздің қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді. "Неке және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы кодексінің 2-бабы 3-тармағында мемлекеттік органдар қиған неке ғана мойындалатыны белгіленген", – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

Діни басқарма талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптыдан азаматтық хал актілері тіркеу бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етуге тиіс.

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов діни рәсімдерді орындаған кезде имамдар қазір ерлі-зайыпты болғысы келетін адамдардың ресми неке куәлігін талап етуі қажет екенін, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нұкенованың некесін қию факті тексерілетінін айтқан болатын. 

Айта кетейік, әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған экс-министр Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын.

Талқылау