Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені тоқтатқандарың – қателік": Ақтөбе облысында әкім орынбасары полицияға бағынбағаны үшін айыппұл арқалады

Бекзат Бадақов
Фото: АқЖайық

Ақтөбе облысында аудан әкімінің бұрынғы орынбасары мен оның жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін айыппұл төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 2 сәуірге қараған түні болған. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері қызметтік Kia Sportage көлігін тоқтатқан. Көлік ішінде Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков болған.

Полиция қызметкерінің жетон камерасына шенеуніктің инспекторлармен сөйлескен сәті жазылып қалған.

“Мені тоқтатқандарың – қателік, жігіттер!” – деген мемлекеттік қызметші.

Сондай-ақ ол инспекторлардың біріне кейін “өзі шешетінін” айтқан. Бір айдан астам уақыт өткен соң бұл видео әлеуметтік желіге тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Кейін осы оқиғаға қатысты сот отырыстары өтті.

Алдымен қызметтік Kia Sportage көлігінің жүргізушісі жауапқа тартылды. Сол түні полицейлер оны бірден тоқтата алмаған. Акимат қызметкері кінәсін жоққа шығармаған. Сот оны полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін 173 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.

Ал Бекзат Бадаков өз ісі қаралған кезде жұмыссыз болған. Ол сотта кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, сол түні қызметтік қажеттілікке байланысты Ащылысай ауылынан қайтып келе жатқан.

Бадаков полиция тоқтатқан кезде ешқандай қарсылық көрсетпегенін, заңды талапқа бағынбағанын, былапыт сөз айтпағанын және ешкімге қоқан-лоқы жасамағанын мәлімдеген.

Алайда сот бейнежазбаны мұқият зерттеп, бұрынғы шенеунікті полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп тапты. Нәтижесінде Бекзат Бадаковқа 129,7 мың теңге айыппұл салынды.

Бұл іс бойынша Бадаковтың бұрынғы басшысы – Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Үнербаевқа да жеке қаулы шығарылды. Онда Бадаковтың әкім орынбасары бола тұра қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатта пайдаланғаны және сол көлікпен құқықбұзушылық жасағаны көрсетілген.

Сондай-ақ жүргізушінің мемлекеттік көлікті бақылаусыз пайдаланғаны да айтылған.

Сот мұның бәрі “Мемлекеттік мүлік туралы” және “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” заң талаптарына, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті ұтымды әрі мақсатты пайдалану қағидаларына қайшы келетінін атап өтті.

Енді аудан әкімі Нұрлыбек Үнербаев тиісті шара қабылдауы керек.

Осы арада әлеуметтік желіде бір топ қарғалылық тұрғын бұрынғы шенеунікті қызметіне қайтаруды сұраған.

“Бадаковтың қызметтен кетуі ауданның дамуына кедергі келтіреді”, – деп жазған олар.

Алайда бұл үндеу өңір басшысы Асхат Шахаровқа жетті ме, жоқ па – белгісіз. Бірнеше күннен кейін Қарғалы ауданы әкімінің жаңа орынбасары болып Рамазан Ногуманов тағайындалды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 17:05