Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Halyk Bank Бағдат Мусинге тиесілі сервисті сатып алу мәмілесін аяқтады

Мусин
Фото: gov.kz

Қазақстандағы актив көлемі бойынша ең ірі Halyk Bank “re:Kassa” сервисіне иелік ететін “COMRUN” ЖШС-нің 100% үлесін сатып алды. Компания иелерінің қатарында бұрынғы Цифрлық даму министрі әрі қазіргі “Қазақтелеком” жетекшісі Бағдат Мусин де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Құжатқа сәйкес, Halyk Bank 2026 жылы 3 маусымда "COMRUN" компаниясының 100% үлесін иеленген. Мәміленің құны жарияланған жоқ.

 Сонымен қатар банк толық немесе ішінара иелік ететін компаниялардың тізімін ұсынды. Олардың қатарында COMBIM, Tenge Bank, Halyk Bank Georgia, Altyn Bank, "Халық" сақтандыру компаниясы, Halyk-Life, “Қазтелепорт”, Halyk Finservice, “Халық Лизинг”, Halyk Finance, Halyk Global Markets, Halyk Инкассация, “Халық Актив”, Halyk Lab, Қазақстан қаржы ұйымдарының қауымдастығы, Бірінші кредиттік бюро және Private Company Open Networks Ltd бар.

COMRUN компаниясы шағын және орта бизнеске арналған re:Kassa онлайн-кассалар сервисінің иесі саналады. Сервис сауданы автоматтандыруға, кассалық жабдықтармен жұмыс істеуге және бизнес-процестерді басқаруға арналған шешімдер ұсынады.

Halyk Bank пен re:Kassa арасындағы ынтымақтастық 2025 жылдың тамызында басталған. Сол кезде тараптар төлем сервистері, цифрлық кассалар және кәсіпкерлерге арналған автоматтандыру құралдары саласында стратегиялық серіктестік туралы жариялаған еді. Ал қазан айында олар POS-терминал мен онлайн-кассаны бір құрылғыға біріктірген ортақ өнімді таныстырды.

Adata мәліметінше, COMRUN компаниясы Beintech компаниясына тиесілі. Оның иелері қатарында кәсіпкер Данияр Асанов пен Beintech Kazakhstan жеке компаниясы бар. Бұл құрылымның негізін қалаушы – Бағдат Мусин. Компания 2025 жылдың қарашасында “Астана” халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Қазір ол Әлия Кенжебекованың сенімгерлік басқаруында.

Бағдат Мусин 2024 жылдың маусымынан бері “Қазақтелеком” компаниясын басқарады. Бұған дейін, 2020–2024 жылдары Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарған.

Halyk Bank-тің негізгі акционері – “АЛМЭКС” холдингтік тобы. Банктің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы таза пайдасы 234,8 миллиард теңге болды. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі 275 миллиард теңгелік көрсеткіштен төмен.

Сонымен қатар банктің жалпы активтері өсіп, 21,2 триллион теңгеге жуықтады. Ал Halyk Bank-тің меншікті капиталы 3,7 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Айта кетейік, бұған дейін Бағдат Мусин және "Қазақтелеком" командасы 752 миллион теңге көлемінде сыйақы алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 16:51