Оңтүстіктегі нөсер жауын жасанды жаңбыр жобасымен байланысты ма? Әкімдік жауап берді

Желіде соңғы кезде Қазақстанның Оңтүстігінде жауған нөсер жаңбыр жасанды жауын-шашын жобасымен байланысты деген болжам жариялануда. Түркістан облысының әкімдігі бұл жайтқа байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оңтүстікте жаз мезгілінде ұзақ әрі нөсер жауын сирек жауады. Алайда соңғы күндері Түркістан облысы мен Шымкентте нөсер жаңбыр жауып, бұл құбылысқа қатысты әлеуметтік желіде түрлі болжамдар айтылды. Кейбіреулер мұны жасанды жауын-шашын жобасымен байланыстырды.
Бұған себеп ретінде 17 мамырда Түркістан облысында Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорология орталығымен бірге су қорын арттыру мақсатында жасанды жауын шақыру жобасы іске қосылғаны айтылып жүр. Жобаның негізгі мақсаты – құрғақшылықтан зардап шеккен егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету.
Алайда әкімдік бұл жобаның соңғы нөсер жауындармен ешқандай байланысы жоқ екенін атап өтті.
"Жасанды жауын-шашынды көбейту жобасы тек жекелеген жергілікті аумақтарда ғана жүзеге асырылады және ол дайын бұлттардың ішінде жауын түсу ықтималдығын арттыруға бағытталған. Бұл әдіс өңір деңгейіндегі ауа райын басқаруға арналмаған және ірі атмосфералық фронттардың немесе аймақтық ауа райы үдерістерінің қалыптасуына әсер етпейді”, – делінген хабарламада.
ОқыңызМәліметке сәйкес, жауын-шашын тек өтініштер негізінде Отырар ауданының солтүстік-батыс бөлігінде және Созақ ауданының орталық әрі солтүстік бөліктерінде шақырылған.
Бұл процесс кезінде ұшақ табиғи бұлттар аймағына бағытталып, онда табиғи тұздарға негізделген арнайы реагенттер шашылады. Бұл бөлшектер бұлттағы су тамшыларының бірігуін күшейтіп, жауын-шашын түсу ықтималдығын арттырады.
Экология министрлігі мен "Қазгидромет" мамандары бұл әдіс толықтай қауіпсіз екенін және адам денсаулығына ешқандай зиян келтірмейтінін атап өтті.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр