Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

34 жыл отасқан қазақстандық әйел сотта күйеуінің жары екенін дәлелдей алмады

Үйлену той
Фото: Magnific.com

Шымкент тұрғыны сотта 34 жыл бойы бір шаңырақ астында өмір сүрген ерінің заңды әйелі екенін дәлелдей алмады. Оған неке туралы куәлік те, жылдар бойы бірге түскен отбасылық суреттер де, тіпті ортақ балаларының сөзі де көмектеспеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.

58 жастағы Зина С. үшін отбасылық өмірі бір күнде күйрегендей болды. Ол күйеуімен арадағы мүліктік дауды сот арқылы шешпек болғанда, ерінің ұзақ жылдар бойы басқа отбасы бар екенін білген. Ең қиыны, енді өзі күйеуінің заңды жары екенін дәлелдей алмай отыр.

Зинаның айтуынша, олар 1992 жылы үйленген. Алғашқы жылдары тұрмыстары аса бай болмаса да, тату-тәтті өмір сүрген. Күйеуі көп табыс таппаған, көбіне ауылдағы ата-анасына көмектескен. Олар мал ұстап, шаруашылықпен айналысқандықтан, қолғабыс қажет болған. Ал Зинаның Шымкентте тұрақты жұмысы болған. Бұған қоса қосымша табыс тауып, отбасын асырауға күш салған.

Отбасында екі бала дүниеге келген. Кейін ұлын үйлендіріп, қызын ұзатқан. Қазір төрт немересі бар. Зинаның сөзінше, осы жылдар ішінде олар қалада үш бөлмелі пәтер алған. Сондай-ақ Түркістан облысы Шардара ауданындағы 94 гектар жер телімін де сатып алған.

Бұл жер бұрын күйеуінің әкесі банкке кепілге қойған мүлік болған. Алайда несие уақытында өтелмеген соң, жер аукционға шығарылған. 2009 жылы күйеуі әкесінен қалған жердің бөтен қолға өтіп кетпеуін қалап, оны сатып алу туралы шешім қабылдаған.

“Мен өз жинағымнан оны сатып алуға 1 миллион теңге бердім. Бұл жалпы соманың жартысына жуығы еді, өйткені жер 2 миллион 391 мың теңгеге бағаланды. Күйеуім оны өз атына рәсімдесе де, мен бұл екеуміздің ортақ мүлкіміз деп ойладым. Кем дегенде жерді жалға беріп, одан табыс табамыз деп сендім”, – деді әйел.

Кейін күйеуі осы жер телімін қайта кепілге қоюды бірнеше рет ұсынған. Осыдан кейін Зина ойлана бастаған. Ол мүліктен айырылып қалғысы келмеген. Күйеуінің тұрақты жұмысы мен табысы болмағандықтан, несиені уақытылы төлейтініне де сенімсіздік танытқан. Оның үстіне ерінің ішімдікке әуестігі де әйелді алаңдатқан.

Содан Зина адвокатқа жүгінген көрінеді. Адвокат оған ажыраспай-ақ, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлісуге болатынын түсіндіріпті. Яғни күйеуі өз үлесін қалай пайдаланам десе де ерікті, ал әйелдің үлесіне тиесілі мүлікке қол сұға алмайды.

Бірақ сот бұл талапты қанағаттандырмаған. Кейін апелляциялық алқа да сол шешімді күшінде қалдырған.

Зинаның адвокаты Әлия Жаманбаеваның айтуынша, соттың бас тартуына күйеуінің басқа отбасы бар деген уәжі негіз болған. Яғни ер адамның басқа әйелі мен төрт баласы бар екені айтылған. Осыған байланысты сот тараптар арасындағы некелік қатынас іс жүзінде тоқтаған деген қорытындыға келген.

Заңды жұбайы осы жылдар бойы бұл туралы мүлде күдіктенбеген. Иә, күйеуі ата-анасының ауылына жиі барып тұрған. Ол жақта жері, шаруашылығы болғандықтан, бұл әйелге күдік тудырмаған. Алайда сот күйеуінің тұрақты жұмысы болмағанын ескеріп, бұл жерді қандай қаражатқа сатып алғанын анықтамаған. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық байланыстың жалғасқанын көрсететін дәлелдер де толық зерттелмеген. Олардың бірге тұрғанын растауға дайын болған көршілер тыңдалмаған, тіпті балаларының айғақтары да ескерілмеді”, – дейді адвокат.

Қорғаушы соттың бірқатар маңызды мән-жайды ескермегенін алға тартып отыр. Мәселен күйеуінің тұрақты жұмысы болмаған жағдайда жерді қандай қаражатқа сатып алғаны толық зерттелмеген. Ерлі-зайыптылардың отбасылық байланысы жалғасқанын дәлелдейтін айғақтарға да жеткілікті мән берілмеген. Көршілер олардың бірге тұрғанын растауға дайын болғанымен, сот оларды тыңдамаған. Ортақ балаларының сөзі де назарға алынбаған. Тіпті ерлі-зайыпты арасында тұрақты ақша аударымдары болғанын көрсететін банк үзінділері де сот үшін жеткілікті дәлел болмаған.

Зина сотқа отбасылық өмірінің шынайы болғанын дәлелдеу үшін әр жылдары түскен ондаған суретін ұсынған. Онда ерлі-зайыптының балаларымен, той-томалақта, туыстармен кездесуде, қызының мектеп бітіру кешінде, ұлының үйлену тойында және отбасылық демалыста бірге жүрген сәттері бар.

Алайда күйеуі сотта Зинамен 25 жылдан астам уақыт бұрын бірге тұруды тоқтатқанын айтқан. Ал ажырасуды тек балаларының көңіліне тимеу үшін рәсімдемегенін мәлімдеген. Сот оның сөзін негізге алып, дәлелдеудің негізгі салмағын әйелге жүктеген.

“Оның қазіргі әйелі деп көрсеткен әйел 1981 жылы туған. Бастапқыда жауапкер онымен 1995 жылдан бері бірге тұрып келе жатқанын айтқан. Бірақ ол кезде әйел небәрі 14 жаста болған, әрі Өзбекстанда тұрған. Ал сот шешімінде бірге тұра бастаған жыл ретінде 2000 жыл көрсетілген”, – деп түсіндірді Әлия Жаманбаева соттағы сәйкессіздіктерді.

Сонымен қатар ол әйелдің өзі де ресми түрде бос емес болып шыққан. 2011 жылы басқа ер адаммен некесін тіркеген. Ал төрт баланы Зинаның күйеуінен туған. Ер адам олардың бәріне өз тегін берген.

Қорғаушы үшін ең түсініксізі – неке кезінде алынған мүлікті тең бөлу мүмкін болмай қалғаны. Себебі сот күйеуі сол кезде басқа әйелмен тұрған деген уәжді негізге алған.

Апелляциялық алқа шешімінде тараптардың 1995 жылдан бері бөлек тұрғаны сотта зерттелген дәлелдермен расталғаны жазылған. Оған ауылдық округ әкімінің анықтамасы, тұрғылықты жер туралы мәліметтер, балалардың туу туралы куәліктері және куәгердің, яғни екінші әйелдің сөзі негіз болған.

Ал Зинаның бірге тұрғаны туралы уәждері, отбасылық суреттері мен банк үзінділері сот тарапынан объективті дәлел ретінде қабылданбаған. Сот үшін әкімдік анықтамасы мен ер адамның басқа отбасында балаларының болуы салмақтырақ көрінген.

Осылайша, 34 жыл бойы заңды некеде болған әйел ортақ мүліктен өз үлесін талап ете алмай қалды. Оның айтуынша, бұл оқиға тек жеке басының дауы емес, заңды некедегі әйелдердің құқығы қаншалықты қорғалатынына қатысты маңызды мәселені көрсетіп отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 16:50