Некеде тұрған кезде салынған үй үшін қазақстандық ер адам бұрынғы әйеліне 79 млн теңге төлейтін болды
Қазақстанда жер телімі жұбайлардың бірінің атына рәсімделгеніне қарамастан, оған салынған үй ортақ мүлік деп танылды. Сот үйдің құрылысына ерлі-зайыптылардың ортақ қаражаты жұмсалғанын ескеріп, әйеліне 79 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот бұрынғы ерлі-зайыптылардың тұрғын үйді ортақ мүлік деп тану және оны бөлу туралы дауын қарады.
Іс материалдарына сәйкес, жер учаскесі жұбайына 1993 жылы, яғни неке қиылғанға дейін берілген. Кейін ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде осы жерге ортақ қаражаты есебінен 231,7 шаршы метрлік үй салған. Үй 2011 жылы пайдалануға берілген. Сот сараптамасы жер учаскесі мен ондағы шаруашылық құрылыстарды қоса есептегендегі жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 158 116 943 теңге екенін көрсетті.
Бірінші сатыдағы сот жер учаскесі жауапкерге некеге дейін берілгенін негізге алып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда апелляциялық сот бұл шешіммен келіспеді.Сот үйге жөндеу, құрылыс және басқа да жұмыстарға ерлі-зайыптылардың ортақ ақшасы жұмсалғанын анықтады. Соның арқасында жылжымайтын мүліктің құны айтарлықтай өскен. Сонымен қатар үй мен жер учаскесін бір-бірінен бөлек қарастыру мүмкін болмаған. Осыған байланысты сот жылжымайтын мүлікті ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі деп таныды. Сот ерлі-зайыптылардың мүліктегі үлесін тең деп таныды. Үй жер учаскесімен бірге жауапкерде қалды. Ал жауапкер бұрынғы жұбайына оның үлесі үшін 79 058 742 теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Кассациялық сот апелляциялық соттың шешімімен келісіп, оны күшінде қалдырды. Сот шешімі Қазақстан Республикасының (Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы) кодексінің 36-бабына негізделген. Бұл бапқа сәйкес, некеде тұрған кезде ортақ ақша немесе екінші жұбайының еңбегі арқылы мүліктің құны айтарлықтай артса, ол ортақ мүлік деп танылуы мүмкін. Демек бастапқыда бір жұбайға тиесілі болған мүлікке неке кезінде қомақты қаражат жұмсалса, екінші жұбайдың да оған үлесі болуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмоновтың әйелі енесінен балаларға тиесілі мүлік пен пәтерді қайтаруды талап еткені туралы жазған едік.
Бір автобусқа 58 миллион теңге: "ҚазМұнайГаз" 1 миллиард теңгеге жуық қаржыға көлік алмақ
