Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында 16 жастағы қызды өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Қаза тапқан жасөспірім
Фото: Криминальный Казахстан

Қызылорда облысында 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Кәмелетке толмаған қызды өлтірді деп айыпталған 22 жастағы ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға биыл маусымда Шиелі ауданында болған. Марқұм үйінен құрбысына баратынын айтып шығып, кейін қайта оралмаған. Арада бір тәулік өткенде оның денесі Жақаев атындағы каналдан табылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, 16 жастағы қыз 22 жастағы ер адаммен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Ол кезде ер адамның отбасы болған.

Оқиға болған күні күдікті қызды көлігіне отырғызып, ауыл шетіндегі канал маңына алып барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал туындаған. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам жасөспірімді тұншықтырып өлтіріп, кейін денесін суға тастаған. Марқұмның мойнынан қалың сым табылған.

Күдікті көп ұзамай ұсталды. Тергеу барысында оның бұған дейін де сотталғаны анықталған.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұраған.

“Сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын”, – деп үкімді жариялады Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев.

Сот шешімімен ер адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар сотталушыдан марқұмның туыстарына 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілмек. Бұдан бөлек, мемлекет кірісіне 2162 теңге мемлекеттік баж төлеу міндеттелді.

Еске салайық, жасөспірімнің денесін 3 маусым күні Шиелі ауданындағы ауылдардың бірінде су арнасынан жергілікті тұрғын тауып, полицияға хабарлаған. Осыдан кейін әлеуметтік желіде түрлі болжам тарағанымен, құқық қорғау органдары олардың бірқатарын жоққа шығарған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 12:02