Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық дәрігерлер 5 жастағы баланың ішегінен үш магнит алып шықты

ота
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматыда 5 жастағы бала үш магнит жұтып қойған. Салдарынан оның асқазан-ішек жолында сирек әрі қауіпті асқыну пайда болып, дәрігерлер ота жасауға мәжбүр болған. Балаға жасалған операция сәтті өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Магниттер баланың асқазан-ішек жолында ұзақ уақыт тұрған. Олардың біреуі асқазанда, ал екеуі жіңішке ішекте орналасқан. Магниттердің бір-біріне қатты тартылуы салдарынан олар ағза қабырғалары арқылы бір-біріне жабысып қалған. Оған Алматы қалалық №2 балалар клиникалық ауруханасында ота жасалған. 

Операция кезінде хирургтер асқазан мен жіңішке ішектің арасында патологиялық байланыс, яғни магниттік жыланкөз (фистула) пайда болғанын анықтаған. Магниттердің тұрақты қысымынан тіндер зақымдалып, ойылған жара пайда болған.

Ота жасаған хирург Марат Қаптағаевтың айтуынша, бастапқыда операция лапароскопиялық әдіспен басталған. Алайда зақымның сипаты анықталған соң баланың қауіпсіздігі үшін хирургтер ашық операция жасауға көшкен.

“Фистула жойылып, үш магнит те алынды. Зақымданған тіндер кесіліп, жара орны тігілді. Құрсақ қуысы тазаланып, дренаж қойылды. Операция сәтті аяқталды. Емнен кейін баланың жағдайы жақсарды. Ауруханадан шығарылған кезде жағдайы қанағаттанарлық болды. Операциядан кейінгі жаралардан қабыну белгілері байқалмады”, – деді хирург.

Дәрігерлер кішкентай магнит ойыншықтардың балалар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін еске салды.

Бала бірнеше магнитті жұтып қойса, олар асқазан-ішек жолының әртүрлі бөліктерінде орналасып, бір-біріне тартылуы мүмкін. Салдарынан тіндердің ойылуы, ағза қабырғасының тесілуі, жыланкөздің пайда болуы, ішек бітелуі және ішперде қабынуы сияқты ауыр асқынулар болуы ықтимал.

“Сондықтан бала магнит жұтып қойған болуы мүмкін деген күдік туса, ата-аналар дереу медициналық көмекке жүгінуі керек. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек өмірге қауіп төндіретін ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді”, – деді Марат Рабандияров.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық дәрігерлер баланың ішегінен магнит пен бұранда алып шыққаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 12:31