"Күзетшіге қарай көлікпен екі рет жүрген": Атырауда блогер Олеся Вертинская екі айға үйқамаққа алынды
Атырауда “Дорожный контроль” қоғамдық бірлестігінің өкілі әрі Instagram-парақша авторы Олеся Вертинскаяға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды. Сот оны екі ай мерзімге үйқамаққа жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс биыл 22 сәуірде Атыраудағы азық-түлік базаларының бірінде болған жанжалға байланысты қозғалған.
Тергеу мәліметінше, сол күні Вертинская Hyundai Custin көлігін жүргізіп келе жатқанда база күзетшісімен сөзге келген. Күзетші көліктің алдында қызметтік міндетін атқарып тұрған кезде, машина оның бағытына қарай қозғалған.
Бейнежазбаларға жүргізілген сараптама көліктің күзетшіге қарай екі рет қозғалғанын көрсеткен. Оқиғадан кейін ер адам полицияға арыз түсіріп, өзін көлік қағып кеткенін мәлімдеген.

Сот-медициналық сараптама күзетшінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келгенін анықтаған. Кейін бұл қорытындыны комиссиялық қайта сараптама да растаған.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру), яғни ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Тергеу тарапы күзетшіге қатысты әрекет қасақана жасалған және оның қызметтік міндетін атқаруымен байланысты болған деп есептейді.
Ал Олеся Вертинская мұндай нұсқамен келіспеді. Ол бұған дейін бұл жағдайды “автоподстава” деп атап, күзетшіні әдейі қағып кету ниеті болмағанын айтқан.
Бұл оқиға бұған дейін әкімшілік іске де себеп болған. Жанжалдан кейін блогер күзетшінің суретін әлеуметтік желіге жариялап, оның “көліктердің алдына секіретінін” жазған.
Осыдан кейін ер адам полицияға шағымданған. Шілде айында сот Вертинскаяны көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп тауып, 778 500 теңге айыппұл салды. Тамызда Атырау облыстық соты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Оқиға 3 қыркүйекте қайта талқыға түсті. Әлеуметтік желіде Вертинскаяны мәжбүрлеп жеткізу сәті түсірілген видео тарады. Сол кезде ол емізулі баласымен бірге болған және өз құқығының бұзылғанын айтқан.
Атырау облысының полиция департаменті Вертинскаяның қылмыстық іс аясында жауап алуға бірнеше рет шақырылғанын, алайда келмегенін мәлімдеді.
“Осыған байланысты тергеуші мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарды”, – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары оның полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағанын мәлімдеді.
Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Астаналық әйел жекеменшік балабақша қызметкерін баланы ұрып-соқты деп айыптады