Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты
Атыраулық оқушы қыздар Шаттық Хами мен Айым Жангелді 2024 жылы қытайлық Pinduoduo маркетплейсінен лотос тұқымын сатып алып, Перетаска каналына шашқан. Нәтижесінде екі жылдан кейін су қоймасының бетін әдемі лотос гүлдері көмкерген. Алайда мамандар табиғаттағы осындай ойланбай жасалған әрекеттердің экожүйеге зиянын тигізуі мүмкін екенін айтады.
Шаттық пен Айым алғашында өсімдікті аквариумда өсіріп көруге тырысқан, алайда ол тәжірибесі сәтсіз аяқталған. Кейін қалған тұқымдарды үй маңындағы Перетаска каналына шашқан. Бір жылдан кейін су бетінде алғашқы жапырақтар пайда болып, 2026 жылдың жазында лотос алғаш рет гүлдеген.
Екі жылдың ішінде бірнеше тұқымнан үлкен лотос алқабы қалыптасқан.
Су бетіндегі әдемілік жергілікті тұрғындарды қуантқанымен, мамандар адам қолымен жасалған өзгерістердің экожүйеге кері әсер ететінін ескертті. Әлеуметтік желіде өзін балық шаруашылығы саласының маманы деп таныстырған желі қолданушысы Атыраудағы лотостарға қатысты жағдайға пікір білдірді.
“Көпшілік бір қарағанда зиянсыз көрінетін су айдынын көгалдандырудың өзі оны толығымен жойып жіберуі мүмкін екенін ескере бермейді. Инвазивті өсімдіктер өте жылдам таралып, су түбін көлеңкелейді және жергілікті өсімдіктерді ығыстырады. Ал осы өсімдіктердің биомассасы шіри бастағанда, судағы оттегінің мөлшері төмендейді. Бұл балықтардың жаппай қырылуына және су айдынының батпақтану процесінің жеделдеуіне әкелуі мүмкін. Өсімдіктердің тұқымын суға тастамас бұрын немесе "пайдасы тиеді" деген ниетпен экзотикалық балықтарды су айдынына жібермес бұрын, оның бүкіл экожүйеге тигізетін салдарын үш рет ойланған жөн. Өйткені су айдынына жергілікті емес, яғни аборигенді емес өсімдік немесе балық түрлерін жіберу тұтас экожүйені жойып жіберуі мүмкін. Егер бұл шынымен де осы су айдынына жат түр болса және БАҚ-та айтылғандай, Қытай маркетплейстерінен сатып алынған тұқымдардан өсірілгені рас болса, оның салдарына дайын болған жөн”, – деп ескертті маман.
Қамыс Перетаска өзенінің ортасына қарай ығысқан
Жергілікті эколог Галина Чернова да лотостың басқа өсімдіктерді ығыстырып тастап, өсетінін айтты.
“Лотос – өзіндік ерекшелігі бар өсімдік. Ол өзіне қолайлы ортаға түскен кезде өсімдіктердің басқа түрлерін ығыстырып шығарады және олардың әрі қарай дамуына мүмкіндік бермейді. Тасқала ауылының тұсындағы Перетаска аумағына барып, сол жерді қарап шықтым. Шынында да, лотостың кең таралып кеткені байқалады. Ол жағалау бөлігіндегі қамысты ығыстырып шығарған. Қамыс Перетаска өзенінің ортасына қарай ығысқан, ал лотос жағалау маңындағы үлкен аумақты алып, сол жерде өзіне қолайлы ортаны қалыптастырып жатыр. Ол негізінен су жасымығымен симбиозда өседі және қазір сол жерде өзіне қолайлы ортаны қалыптастырып, бұл шығанақты өзіндік бір батпаққа айналдырып жатыр. Қазірдің өзінде ол жер таязданып қалған. Сондай-ақ ағынды Перетаска өзегінің біртіндеп өсімдіктермен жабылып, бітеліп бара жатқаны көрінеді. Бұл өзек бұрын теңізбен байланысқан және жалпы алғанда Жайық өзенінің өзіндік бір тармағы болып саналады”, – дейді эколог.
Оның айтуынша, лотостың қалыптастырған шығанағында қазірдің өзінде Перетаска үшін жаңа ареалдың пайда болып келе жатқаны байқалады. Бұл тек сыртқы өзгерістер Ал су астындағы өзгерістерді ботаниктер мен гидрологтар, яғни судың жағдайын зерттейтін мамандар анықтауы керек дейді Галина Чернова.
Эколог мұндай өсімдіктерді өз бетінше отырғызуға рұқсат жоқ екенін атап өтті. Айтуынша, бұрын, Кеңес дәуірінде мұндай жұмыстармен мамандар айналысқан. Олардың бақылауымен және ғылыми зерттеулер негізінде үлкен жұмыстар жүргізілген.
“Яғни, бұл түрлерді жаңа ортаға интродукциялау, басқа жерде кездеспейтін түрлерді жаңа ортаға енгізу жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол үшін міндетті түрде өте маңызды әрі нақты ғылыми негіздемелер болуы керек. Сонымен қатар кейін де зерттеу жүргізілуі қажет. Себебі түрдің өзі жаңа ортада қалай бейімделетіні белгісіз. Қамыс өзінің бұрынғы аумағынан іс жүзінде ығыстырылды. Ол қазір өзеннің ортасына қарай жылжып кеткен. Ал қамыс – табиғи сүзгі қызметін атқаратын өсімдік. Оның тамыр жүйесі де, жапырақтары да суды сүзуге қатысады. Әрі қарай не болатыны әзірге белгісіз. Бұл жағдайды бақылауда ұстау керек. Бірақ қазір оны ешкім бақылап отырған жоқ. Тек қала тұрғындары, сырттан келген адамдар және қызықтап жүргендер келіп, лотосқа тамсанып, оған сүйсініп жүр. Өйткені олар экожүйедегі ағзалар мен түрлердің, соның ішінде өсімдік түрлерінің өзара күрделі байланысын біле бермейді”, – дейді жергілікті эколог.
Лотос тамыры жерді құрғатып, өзін-өзі жояды
Маманның сөзінше, белгілі бір су айдынында кеңінен таралып, өзіне қолайлы, ресурстары шектеулі емес шығанақтар мен аумақтарды түгел басып алған кезде белгілі бір шекке жетеді. Алдымен сол аумақты тұтас жауып, кейін ол жер біртіндеп батпаққа айналады.
“Бұл бастапқыда лотостың өсуіне қолайлы орта болады. Кейін ол одан да үлкен аумақты басып, бірақ соңында лотостың әсерінен батпақ жер төмпешіктер мен құрғақ аумақтарға айналған кезде, өсімдік өздігінен жойыла бастайды. Өйткені лотос сусыз өсе де, өз популяциясын дамыта да алмайды. Оның таралуына мүмкіндік беретін негізгі фактор – су. Лотос аумақты басып алып, суды өте көп пайдаланады және үлкен тамыр жүйесін қалыптастырады. Ақыр соңында бұл сол аумақтың құрғауына әкеліп, өсімдіктің өзін-өзі жоюына себеп болады”, – дейді Галина Чернова.
Эколог қазірдің өзінде балық шаруашылығы саласының мамандары алаңдаушылық білдіріп отырғанын атап өтті. Өйткені лотос аумақты батпақтандырады және табиғи түрде судағы оттегінің мөлшерін азайтады дейді.
“Ол судағы оттегі тапшылығын туындатады. Ал балық оттегісіз өмір сүре алмайды. Біздің өңірде мекендейтін балықтарға ағынды су қажет, сондай-ақ судағы оттегінің мөлшері жоғары болуы керек. Бұдан бөлек, балыққа қорек болатын биогенді заттар да жеткілікті болуы маңызды. Әлеуметтік желілерде балық шаруашылығы саласының маманы тіпті су айдынын көгалдандырудың өзі оның толық деградацияға ұшырауына әкелуі мүмкін”, – дейді маман.
Ғалымдар лотосты бақылауы тиіс
Галина Чернова лотостың су бетін көмкеруі күн сәулесінің суға енуіне кедергі келтіретінін айтты. Ал экожүйе – бір-бірімен тығыз байланыста болатын өте күрделі жүйе дейді ол. Мұнда судағы оттегінің мөлшері де, күн сәулесі де, өсімдіктер де маңызды рөл атқарады.
“Өсімдіктер, соның ішінде фитопланктон, суды сүзуге қатысады әрі шөпқоректі балықтар үшін қорек көзі. Ал бұл – тұтас трофикалық, яғни қоректік экологиялық тізбек. Шөпқоректі балықтар өз кезегінде жыртқыш балықтарға қорек болады. Яғни, мұнда өте күрделі өзара байланыс бар. Ал қазір бұл бөгде түрдің Перетаска су айдынында қарқынды таралуы – жақсы емес. Мамандар мұны жақсы түсінеді. Сондықтан бұл мәселеге қатысты қандай да бір шара қабылдау керек. Кем дегенде, әзірге мұнда жүйелі түрде фенологиялық бақылау жүргізілуі қажет. Ғалымдарды тартып, осы лотостың қалай өсіп, дамып жатқанын және оның біз үшін мүлдем қолайсыз аумақтарға қаншалықты таралып жатқанын тіркеп отыру керек. Перетаска – жай ғана су айдыны емес. Ол, соның ішінде, өнеркәсіптік кәсіпорындарды сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады”, – дейді Галина Чернова.
Айтуынша, жылу электр орталығы да суды дәл осы Перетаскадан алады және оны өндірістік технологиялық желілеріне пайдаланады. Сонымен қатар бұл су айдыны балықтардың өту жолы қызметін де атқарады. Сондықтан бұл жағдайда әліптің артын бағып отыруға болмайды дейді эколог.
Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты