Емханада бейінді дәрігерге терапевтің жолдамасын алмай баруға бола ма
Қазақстандықтар емханадағы жаңа тәртіпке қатысты жиі сұрақ қоя бастады. Соның бірі – бейінді маманға учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз бару мүмкіндігі. Кей тұрғындар мұндай мүмкіндік бар деп естігенімен, іс жүзінде қабылдауға жазыла алмай жүргенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК-ға” сілтеме жасап хабарлайды.
Негізі мұндай норма Қазақстанда 2024 жылғы сәуірден бері қолданыста. Алайда ол барлық науқасқа бірдей қатысты емес.
Терапевке соқпай, бірден бейінді дәрігерге жазылу мүмкіндігі Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы базасында диспансерлік есепте тұрған созылмалы ауруы бар пациенттерге беріледі. Оның өзінде белгілі бір шектеулер қарастырылған.
Мәселен, жүректің ишемиялық ауруы бойынша есепте тұрған адам кардиологқа жолдамасыз жылына бір рет қана тікелей бара алады.
Ал өзге пациенттер үшін бұрынғы тәртіп сақталады. Яғни алдымен учаскелік немесе отбасылық дәрігерге қаралып, қажет болған жағдайда ғана бейінді маманға жолдама беріледі.
С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы департаментінің директоры Әсел Хасенованың айтуынша, емханадағы негізгі үйлестіруші – учаскелік дәрігер.
“Бізде отбасылық қағидат қолданылады. Учаскелік дәрігер емханадағы негізгі үйлестіруші саналады. Егер ол пациентке өз деңгейінде толық көмек көрсете алмайтынын байқаса, әрі қарайғы бағытын анықтап, қажетті тексеруге немесе маман кеңесіне жолдама береді”, – деді ол.
Самокат жүргізушісінің заң бұзғанын қалай хабарлауға болады?
Тұрғындардан жиі түсетін тағы бір сауал электрсамокаттарға қатысты. Жаяу жүргіншілер аймағында самокатпен жүруге тыйым салынғанына қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де кездеседі.
Егер жаяу жүргіншілер жолымен самокат айдап жүрген адамды байқасаңыз, оны фото немесе видеоға түсіріп, құқық қорғау органдарына хабарлауға болады. Кадрдан самокаттың нөмірі анық көрінуі керек.

Материалды e-Otinish немесе e-Polis сервистері арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Егер самокат кикшеринг компаниясына тиесілі болса, полиция алдымен компанияға айыппұл рәсімдейді. Кейін компания сол сәтте көлікті кім жалға алғанын анықтап, жауапкершілікті пайдаланушыға жүктейді.
Тыйым салынған жерде электросамокат айдаған адам шамамен 9 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Ал жекеменшік самокат иелерін анықтау әзірге қиынырақ. Қазір мұндай құқықбұзушылықты патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнында анықтай алады.
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, болашақта жеке самокат мінген тәртіп бұзушыларды бейнебақылау камералары арқылы анықтау жоспарланып отыр.
“Жеке электросамокат пайдаланушыларының заң бұзушылығын камера арқылы анықтау мәселесі қарастырылып жатыр. Бізде бет-әлпетті тануға мүмкіндік беретін техникалық жүйе бар. Сондай-ақ Алматыда осындай хабарламаларды жедел қабылдайтын арнайы жедел желі нөмірін іске қосу жоспарланып отыр”, – деді ол.
Қандай да бір құқықбұзушылыққа тап болған тұрғындар e-Otinish арқылы да ресми өтініш бере алады.
Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты