Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күздің алғашқы демалысында Қазақстанда күн +37 градусқа дейін ысиды

күздегі ауа райы
Фото: magnific.com

Қазгидрометтің болжамынша, алдағы демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде күн ашық әрі жауын-шашынсыз болады. Кей өңірлерде ауа температурасы +37 градусқа дейін көтеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

5-7 қыркүйек күндері ел аумағының басым бөлігі атмосфералық қысымы жоғары аймақтың ықпалында болады. Осыған байланысты құрғақ әрі көбіне бұлтсыз ауа райы сақталады. Алайда еліміздің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың әсерінен кей жерлерде қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сондай-ақ желдің күшеюі күтіледі.

Елдің басым бөлігінде жаздағыдай жылы ауа райы сақталады. Күндіз батыста, солтүстікте және орталықта ауа температурасы +25-тен +33 градусқа дейін, шығыста +20-дан +25 градусқа дейін болады.

Оңтүстікте күндіз ауа температурасы +28-ден +37 градусқа дейін көтерілсе, оңтүстік-шығыста +20-дан +30 градусқа дейін болады. Ал таулы және тау бөктеріндегі аудандарда +10-нан +20 градусқа дейін жылы болады.

Шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде ауа температурасы төмендеп, күн салқындайды.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 10:34