Блогерлердің жарнамасына сенген ақтөбеліктер "Бөрте" дүкеніне ақша салып сан соғып қалды
Ақтөбеде ұлттық киім мен әшекей бұйымдар сататын “Бөрте” дүкеніне инвестиция салған ондаған тұрғын ақшасын қайтара алмай жүр. Салымшылар кәсіпке миллиондаған теңге құйғанын айтып, істің артында бірнеше адам болуы мүмкін деп күдіктенеді. Қазір жағдайға байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеме жасап.
Тұрғындардың сөзінше, оларға салынған қаражаттан ай сайын белгілі бір мөлшерде табыс түсетіні айтылған. Бұған қоса, инвесторларға дүкеннен тауарды бонус ретінде тегін алу мүмкіндігі ұсынылған. Кәсіптің әлеуметтік желіде кеңінен жарнамалануы да жұрттың сеніміне әсер еткен. Жәбірленушілердің айтуынша, “Бөрте” дүкенін аудиториясы көп блогерлер жарнамалағаннан кейін кәсіптің жұмысына күмән келтірмеген. Ақтөбе тұрғыны Гүлзат Бөгебайқызы бұл кәсіпке шамамен 5 миллион теңге салғанын айтады. Бастапқы келісім бойынша қаражаты алты айдан кейін қайтарылуға тиіс болған.
“5 миллион теңгенің көлемінде салдым. Алты айдан кейін қайтарамыз деген. Бірақ сәуір айынан бастап қашқақтай бастады. “Ауруханада жатырмын” деді, кейін телефонды көтермейтін болды. Дүкеніне де бардық, ол да жабылып қалды. Меніңше, мұны бір адам істеген жоқ. Бірлескен топ болуы мүмкін деп күдіктенемін”, – дейді ол.
Алайда зардап шеккендердің арасында бұдан да ірі көлемде қаражат салғандар бар. Салымшылар істің тек дүкен иесімен шектелмей, кәсіптің жұмысына араласқан өзге адамдардың да әрекеті тексерілгенін талап етіп отыр.

Жәбірленушілердің адвокаты Данияр Сүндетбаевтың айтуынша, қазір “Бөрте” дүкенінің басшысына қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған. Алайда қорғаушы кәсіптің айналасындағы басқа адамдарға қатысты да тиісті шара қабылдануы керек деп есептейді.
“Бөртенің” басшысы ғана қамауға алынды. Оның жанында басқа да адамдар болған: күйеуі, туыстары, кассада отырған қызметкерлері бар. Олар күдікті ретінде танылғанымен, қазір оларға қатысты қамауға алу немесе өзге бұлтартпау шаралары қолданылып жатқан жоқ. Біз бұған наразымыз”, – деді адвокат.
Ақтөбе қаласының прокуратурасы бұл дерек бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Прокуратура өкілі Қайырбек Жолайдың сөзінше, дүкен иесіне қатысты сот шешімімен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Сонымен қатар іс бойынша тағы төрт адам күдікті деп танылған.
“Қылмыстық іс бойынша төрт тұлға күдікті ретінде танылды. Қазіргі таңда тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заңды процестік шешім қабылданады”, – деді прокуратура өкілі.
Әзірге келтірілген шығынның нақты көлемі анықталған жоқ. Құзырлы органның мәліметінше, қазіргі уақытта 64 адам өзін жәбірленуші деп танып, арыз түсірген. Тергеу барысында олардың саны артуы мүмкін.
Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты