Шетелдік шотында 3,9 млн теңгеден астам ақшасы бар қазақстандық студенттер декларация тапсырады
Шетелде оқып жүрген қазақстандық студенттерге салық декларациясын тапсыру мерзімі айтылды. Егер 2025 жылдың соңында шетелдегі банк шоттарында 3,9 миллион теңгеден астам ақша тұрған болса, декларация тапсыру міндеті туындауы мүмкін. Оны 2026 жылы 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алайда шетелде білім алып жүрген студенттің бәрі бірдей декларация тапсыруға міндетті емес. Мұндай міндет белгілі бір активі, табысы немесе заңда көрсетілген басқа да негіздері бар азаматтарға қатысты.

Шетелдік шотта 3,9 миллион теңгеден астам ақша болса
Студенттер назар аударуы тиіс негізгі жағдайдың бірі – шетелдік банктердегі қаражат.
Егер 2025 жығы 31 желтоқсанда Қазақстаннан тыс жердегі банк шоттарындағы ақшаның жалпы сомасы 1 000 АЕК-тен, яғни 3 932 000 теңгеден асса, декларация тапсыру керек пе, тексеру қажет. Бұл ретте барлық шетелдік шоттағы ақша есептеледі. Мысалы, студенттің білім алып жүрген елінде банк картасы, шәкіртақы түсетін шоты және жинақ шоты болса, барлығындағы қаражат қосылып есептеледі.
Ақшадан бөлек қандай мүлік есепке алынады?
Шетелде белгілі бір мүлкі бар студенттерге де декларация тапсыру міндеті қойылуы мүмкін.
Оларға мыналар жатады:
- пәтер немесе үй;
- жер учаскесі;
- автокөлік немесе тіркелген басқа көлік;
- шетелдік компаниядағы үлес;
- бағалы қағаздар және брокерлік шот;
- инвестициялық алтын;
- цифрлық активтер.
Сонымен қатар 2025 жылы құны 20 000 АЕК-тен, яғни 78,64 миллион теңгеден асатын мүлік сатып алу да декларация тапсыруға негіз болуы мүмкін.
Тек шәкіртақы алатын студент декларация тапсыруы керек пе?
Шетелге тек білім алу үшін кеткен студенттер үшін маңызды бір жайт бар. Студент мәртебесінің өзі декларация тапсыруға міндеттемейді. Егер студент тек шәкіртақы алып, шетелде тіркелген мүлкі болмаса және 2025 жылы 31 желтоқсанда шетелдік шоттарындағы ақша белгіленген мөлшерден аспаса, көп жағдайда декларация тапсырудың қажеті жоқ.
Бұл ретте 2025 жылғы есепті 2026 жылы енгізілген жаңа ережелермен шатастырмаған жөн. 2026 жылы 15 қыркүйекке дейін тапсырылатын декларация 2025 жылғы активтер мен табыстарға қатысты.
Декларацияны қашан тапсыру керек?
2025 жылға арналған декларацияны 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. Егер декларация нәтижесінде жеке табыс салығын төлеу міндеті туындаса, оны 25 қыркүйекке дейін төлеу керек.
Декларацияны шетелде жүріп-ақ онлайн тапсыруға болады. Ол үшін салық органдарының электрондық қызметтері, eGov және бірқатар мобильді қосымшалар қолжетімді.
Студент қазір нені тексеруі керек?
Декларация тапсыру міндеті бар-жоғын анықтау үшін мына сұрақтарға жауап берген жөн:
2025 жылы 31 желтоқсанда шетелдік шоттарда 3 932 000 теңгеден астам ақша болды ма?
Шетелде тіркелген үй, пәтер, жер немесе көлік бар ма?
2025 жылы қымбат мүлік сатып алынды ма?
Бағалы қағаздар, шетелдік компаниядағы үлес немесе цифрлық активтер бар ма?
Осы сұрақтардың кемінде біреуіне "иә" деп жауап берсеңіз, декларация тапсыру қажет пе екенін тексерген жөн.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстанның салық резиденттерінің қаржы шоты туралы ақпаратты халықаралық салықтық ақпарат алмасу аясында алатынын да еске салды.
Бастысы: студенттің шетелде оқып жүргені ғана декларация тапсыруға негіз болмайды. Алайда шетелдік шоттарда 3,9 миллион теңгеден астам ақша немесе заңда көрсетілген басқа да активтер болса, декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жеке мүдделер декларациясын тапсыру тәртібі бекітілгені туралы жазған едік.
Бір автобусқа 58 миллион теңге: "ҚазМұнайГаз" 1 миллиард теңгеге жуық қаржыға көлік алмақ