Непалда алапат су тасқынынан кейін тоғыз күн бойы жер асты өткеліне қамалған екі жұмысшы құтқарылды
Непалда құтқарушылар Тришули өзеніндегі гидроэлектр станциясының жер асты өткеліне тоғыз күн бойы қамалып қалған екі жұмысшыны тірідей алып шықты. Алапат су тасқыны кезінде жер асты өткелін су мен лай басып, жұмысшылар оның ішінде қамалып қалған. Билік өкілдерінің мәліметінше, туннельде әлі де 39 адам болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Аман қалған екі жұмысшы Тришули өзеніндегі бірнеше гидроэлектр станциясының бірі – “Тришули-3А” станциясы астындағы өткелде болған.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, құтқарушылар жер асты өткелі ішінен адам дауысын естіген. Олар: “Үрейленбеңіздер, біз сіздерді құтқаруға келдік”, деп айғайлаған. Артынша өткел ішінен әрең естілетін “жақсы” деген жауап келген.
Құтқарылғандардың бірі – Санджая Шахтың жағдайы өте нашар болғандықтан, сөйлей алмаған. Ал екінші жұмысшы Кабир Махарджан туннельден шығарылған кезде күлімсіреп, құтқарушыларға алғыс айтқан.
Алайда кейін Непал премьер-министрінің кеңсесі Махарджанның жағдайы ауыр екенін хабарлады. Ол Катмандудағы әскери госпитальде ем алып жатыр. Екінші жұмысшы да ауруханаға жеткізілген.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Санджай Шах механикалық цехта бригадир, ал Кабир Махарджан сол цехта инспектор болып жұмыс істеген.
Құтқарушылардың айтуынша, екі жұмысшы жер асты өткелі ішінен өз бетімен жылжып шығуға тырысып, қолы мен аяғын жарақаттап алған. Құтқару жұмыстары кезінде өткелдің ішіндегі адамдардың тыныс алуына мүмкіндік беру үшін сырттан қысыммен оттегі де жіберілген. Соған қарамастан, екі жұмысшыда оттегі жетіспеу белгілері байқалған.
Шахпен бірге жұмыс істейтін Суреш Чаудхари оның аман қалғанын естіп қатты қуанған.
“Бұл жаңалықты асыға күттім. Басқа адамдарды да тірідей құтқаруға болады деген үміт пайда болды”, – деді ол.
Қазір Непалдағы із-түзсіз жоғалғандардың саны 5 мыңнан асады. Олардың арасында Тришули өзені бойындағы гидроэлектр станцияларының үлкен жер асты өткелдері желісінде жұмыс істеген бірнеше жүз жұмысшы бар.
Қазір құтқару жұмыстары алты туннельде жүріп жатыр. Болжам бойынша, онда 150-ден астам адам қамалып қалған.

Непал билігінің мәліметінше, екі жұмысшы аман қалған гидроэлектр станциясының жер асты өткелінде тағы 39 адам болуы мүмкін. Алайда олардың қаншасы тірі екені әзірге белгісіз.
Бұған дейін құтқарушылардың бір тобы өткелдердің біріне кіріп, ішін тексерген. Бірақ жер астынан ешкім табылмаған.
Тоғыз күннен бері жалғасып жатқан құтқару жұмыстарына Қытай мен Непал әскери қызметкерлерінен құралған халықаралық топ жетекшілік етіп отыр. Операцияға Үндістан, Оңтүстік Корея және Аустралиядан келген құтқарушылар да қатысып жатыр.
1 300-ден астам адам қаза тапты
Соңғы мәлімет бойынша, 26 тамызда мұздықтың опырылуынан кейін болған алапат су тасқыны салдарынан Непал мен Тибетте 1 301 адам қаза тапқаны расталды. Тағы 5 339 адам із-түзсіз жоғалған.
Олардың ішінде Непалда 1 280 адам қаза тауып, 4 798 адам жоғалған. Апаттан ең көп зардап шеккен де – Непал. Себебі таудан аққан су мен лайдың негізгі бөлігі осы елдің аумағына түскен.
Тибетте 21 адам қаза тапқан, 541 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Сонымен қатар емінде 34 елден келген бірнеше жүз шетелдік турист әлі табылған жоқ. Олардың арасында Қазақстан, Ресей мен Украина азаматтары да бар.
Еске салайық, бұған дейін Непалда 26 тамызда болған жойқын су тасқыны мен көшкін салдарынан жүздеген адам қаза тауып, жүздегені хабар-ошарсыз кеткен. Табиғи апат елдің солтүстігіндегі елді мекендерге, жолдар мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірді. Құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Апаттан кейін Непал мен Қытай шекарасында жүрген екі қазақстандық әйелден де хабар үзілген.
19 жастағы Мадинаның өлімі: Жамбыл облысының полициясы істің жабылғаны туралы ақпаратқа жауап берді