Алматыда Непалдағы ауқымды сел тасқыны қайталануы мүмкін бе: Сарапшылар қауіпті бағалады
Непалда бірнеше адам өліміне әкелген қатты су тасқынынан кейін қазақстандықтар жағдайға алаңдай бастады. Себебі Алматыдағы таулы және тау бөктеріндегі аумақтарында сел қаупі жоғары. Сондай-ақ салынып бітпеген бөгет бары қорқытып қойды. Мамандар мұндай жағдайдың болу ықтималдығына болжам жасап, мұның алдын алу үшін қандай шаралар жасалғанын айтып берді.
Тасқын 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстік аудандарын жайпап өтті. Қытай жақтан Бхотекоши және Тришули өзендерінің аңғарынан су тасып, жүздеген адамның өмірін жалмады. Сондай-ақ үйлер, жолдар мен көпірлерді шайып кетті. Ғалымдардың пікірінше, бұл апат үлкен мұз бен тау жыныстары массивінің опырылып түсіп, артынан көшкінге ұласуынан болған.
Жойқын су тасқыны мен көшкін салдарынан жүздеген адам қаза тауып, жүздегені хабар-ошарсыз кеткен. Табиғи апат елдің солтүстігіндегі елді мекендерге, жолдар мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірді. Құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Көз жұмғандар саны 750-ден асады.
“Сел тасқынының салдарына жемқорлық кінәлі болады”
Енді Threads-желісінде қазақстандықтар бұл қауіп елде де боларын жарыса жазды. Геолог Арман Серғазин жеке парақшасында Алматыны бұдан да ауқымды апат күтіп тұрғанын мәлімдеді. Сөзінше, сел тасқынының салдарына жемқорлық кінәлі болады.
“Алматыда селден қорғайтын үш бөгет бар. Алғашқы екеуі – Медеу және Аюсай сенімді қалқандар. Олар қаланы морена көлдерінің қар көшкінінен қорғайды. Бірақ үшінші бөгет – Ақсай. Ол жиналып жарылатын бомба секілді. Ол ондаған мың адам тұратын қаланың батыс бөлігін қорғау үшін салынған”, – деді Серғазин.
Сөзінше, бөгет құрылысы 2023 жылы аяқталуы керек еді, бірақ құрылыс тоқтап қалды. Сөзінше, бұған ірі көлемдегі жымқыру себеп болды. Мердігер бөгетті дұрыс салмаған. Миллиардтаған теңге жоғалып кетті, ал қылмыстық іс қозғалды. Аяқталмаған жоба тоқтатылды.
“Қазір Ақсай өзені мен оның үстіндегі морена көлдері іс жүзінде ашық. Егер үлкен сел жүрсе, ол бәрін шайып кетеді. Бастапқы әсер ету аймағына Жандосов көшесінің үстіндегі тығыз жеке құрылыс кіреді. Содан кейін су тасқыны Әуезов және Алатау аудандарына тарайды. Енді бөгетті аяқтау үшін бағалауды қайта жүргізіп, тағы миллиардтаған қаражат бөлуіміз керек”, – деді геолог.
Сөзінше, бұған көз жұма қарауға болмайды.
Қазселденқорғау не дейді?
Бұл қауіптің қаншалықты шынайы екенін түсіну үшін “Қазселденқорғау” мекемесінен сұрап көрдік. Мекеме қауіпті жоққа шығармады. Дегенмен сел қаупі жоғары кезеңде тәулік бойы бақылау ұйымдастырылып, тұрақты және маусымдық бақылау бекеттері жұмыс істейтінін айтады. Бекеттерден алынған мәліметтер тәулігіне үш рет беріледі.
“Нөсер жауын-шашынның қарқынды жаууы, ауа температурасының күрт жоғарылауы, қар жамылғысы мен мұздықтардың еруі, мұздақ көлдердің жарылуы, мұздық массалардың опырылуы, сондай-ақ сейсмикалық әсерлер сияқты бірқатар факторлар ірі сел ағындарының пайда болуына әкеледі. Алайда Непалда қалыптасқан жағдай Алматыда да дәл солай болады дегенді білдірмейді. Қалада сел қаупін мониторингілеу, инженерлік қорғау және ерте хабарлау жүйесі жұмыс істейді, алдын алу іс-шаралары жүргізіледі, сондай-ақ туындаған қауіп-қатерлерге жедел ден қою қамтамасыз етіледі”, – деді Қазселденқорғау.
Ақсай бөгеті қашан салынып бітеді?
Ведомоство Ақсай өзені бассейнінде сел ұстайтын бөгет салу Алматы қаласын инженерлік қорғаудың басым жобаларының бірі екенін айтты.
ҚазірАқсай өзені бассейнінде сел ұстайтын бөгет құрылысы тоқтатылған. Бірақ нысан 85% дайын, жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп жатыр, кейіннен мемлекеттік сараптамадан өткізіледі дейді. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін нысанның құрылысы жалғасады.
Непалдағы жағдай Қазақстанда қайталанбас үшін не істеуге болады?
“Сел қаупі кезеңінде мұздақ-мұздық көлдердің жарылуын болдырмау үшін сифонды жіптердің көмегімен мұздақ көлдерден су ағызу, эвакуациялық арналарды кеңейту және тереңдету бойынша жер жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар "Қазселденқорғау" мамандары төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп, қорғау іс-шараларын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды”, – деп жазған хабарламада.
Қазселденқорғау жүргізетін шаралар:
- Гидрометеорологиялық, сел, сырғыма және қар көшкіні жағдайларына тәулік бойы мониторинг жүргізеді;
- Жергілікті атқарушы органдарға, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына, сондай-ақ бау-бақша қоғамдарына хабарламалар-ұсынымдар беріледі;
- Қауіпті учаскелерде ескерту тақталары орнатылады;
- Қауіпті учаскелерге жерүсті және аэровизуалды тексеру жүргізіледі;
- Оқу орындарында, демалыс аймақтарында және жергілікті халық арасында халыққа сел, сырғыма және қар көшкіні процестері, сондай-ақ сырғыма, сел және қар көшкіні болған кездегі жүріс-тұрыс қағидалары туралы ақпарат беруге бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі;
- Мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Алдын ала деректер бойынша, мұздықтан үлкен мұз бен тас бөлініп шығып, бір шақырымнан астам биіктен құлаған. Үйінділер өзен арнасын уақытша бөгеп, содан кейін табиғи бөгет бұзылған. Бұл ағын төменгі ағыста орналасқан елді мекендерді жайпап өткен тасқын су, лай және үйінді легіне ұласты.
Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны 750 адамға жетті, үш мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кетті, оның ішінде Қазақстанның үш азаматы да бар.