Қазақстандық қыздың жедел жәрдем салған екпеден кейін аяғы ісіп кетіп, жүре алмай қалған

Ақтөбелік тұрғын жедел жәрдем қызметкерлерінің салғырттығынан ауруханаға түсіп қала жаздағанын айтты. Оның сөзінше, қан қысымы төмендеген кезде салынған екпеден кейін жамбасында ауыр инфильтрат пайда болып, дене қызуы көтеріліп, аяғына тұра алмай қалған. Бірнеше медициналық мекемеге жүгінуге мәжбүр болған әйел мұндай қателіктердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтып, жауапты тұлғаларды тексеруге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде басынан өткен оқиғаны баяндап, жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекеті денсаулығына ауыр зардап әкелгенін айтты.
"Ақтөбеде өзіммен болған және біреудің салғырттығынан операция үстеліне түсуге сәл-ақ қалған оқиғамен бөліскім келеді. Бұл көпшілікке сабақ болады деп үміттенемін. 22 сәуір күні қан қысымым күрт төмендеп кетті де, жедел жәрдем шақырдық. Шақыртуға бір ер адам мен жас фельдшер қыз келді. Мені тексеріп шыққаннан кейін олар Кеторол екпесін салу керек деп шешті. Ер адам шприцті әлгі қызға берді, ал ол дәріні екті. Осыдан кейін ұйықтап қалдым. Алғашқы күндері бәрі қалыпты сияқты көрінді. Бірақ тура бес күннен кейін екпе салынған жер тас болып қатып, үлкен ісікке айналды, ал жамбасым күйіп тұрғандай болды", – дейді ақтөбелік тұрғын.
Ақтөбелік қыз емханаға барғанын, алайда ол жақта мәселеме немқұрайлы қарағанын айтып өтті.
"Дұрыс қарап-тексерместен, жай ғана "йод жағыңыз" деп үйге қайтарып жіберді. Кейін хирург маған мұндай жағдайда йодты қолдануға мүлде болмайтынын түсіндірді. Өйткені йод жылытатын әсер береді де, іріңнің пайда болуын одан әрі күшейтуі мүмкін екен. Сол йод жаққаннан кейін нағыз сорақы күндер басталды. Дене қызуым 38,1 градусқа дейін көтеріліп, сол аяғымды жан төзгісіз ауырсыну жайлады. Тіпті аяғыма тұра алмайтын халге жеттім. Менің қиналып жүргенімді көрген анам шыдамай, қайтадан жедел жәрдем шақырды", – дейді қыз.
Кейін жедел жәрдем қызды №2 қалалық ауруханаға алып барған. Хирург қарап шығып, бірақ кейін белгілі болғандай, оларда жұмсақ тіндерді тексеретін УДЗ маманы болмаған. Сондықтан дәрігер өзі қарап, Вишневский жақпамайын жазып беріпті.
"Алайда кешке қарай ауырсыну тіпті күшейіп, төзгісіз деңгейге жетті. Тәуекелге бармайық деп шешіп, 28 сәуір күні біз облыстық аурухананың қабылдау бөліміне бардық. Ағзам бұл жан төзгісіз ауырсынумен күресуден әбден әлсіреп кеткені соншалық, түнде өзім байқамай ұйықтап жатып ыңырсып шыққан екенмін. Таңертең палатадағы көршім сол туралы айтып берді. Маған өте ыңғайсыз әрі ұят болды, бірақ ондай жағдайда адам өзін өзі бақылаудан қалады Ауруханадан шығарылар алдында маған қайтадан ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жасалды. Нәтижесінде бәрі таза болып шыққан соң, әрі қарай емхананың бақылауымен емделу үшін үйге жіберді", – дейді ақтөбелік қыз.
Үйіне шығарылғанымен, ақтөбелік тұрғын болған жағдайға әлі де ашулы екенін айтты. Оның сөзінше, егер іс операцияға дейін жеткенде, жауапты медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тарту үшін шара қолданар еді.
"Фельдшер қыздың екпе салуды дұрыс білмейді деп ойлаймын. Инені бұлшықетке тым терең енгізіп жіберген, соның салдарынан инфильтрат (екпе салынған жердегі қабынып, қатайған ісік) пайда болған. Осындай "көмектің" кесірінен тағы қанша адамның зардап шегіп, ауруханаға түсуі мүмкін екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Өздеріңізді күтіңіздер және медициналық процедураларды кімнің және қалай жасап жатқанын қадағалаңыздар", – дейді ақтөбелік қыз.
Желі қолданушыларының басым бөлігі ақтөбелік тұрғынды қолдап, оған тезірек сауығып кетуді тіледі. Кейбірі жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби біліктілігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, ресми шағым түсіруге кеңес берген.
"Олар әрі қарай да шақыртуларға барады, балаларға да қызмет көрсетеді. Сондықтан міндетті түрде шағым жазыңыз", – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір қолданушы өзінің де осыған ұқсас жағдайға тап болғанын айтып, жас фельдшердің екпе салмас бұрын қатты қобалжығанын көргенін жеткізді.
"Содан кейін жедел жәрдем қызметіне сенудің өзі қиын болып қалды. Жас мамандар бізге тәжірибе жасап жатқандай әсер қалдырады", – деп пікір білдірген жазба авторы.
Сонымен қатар кейбір оқырмандар асқынудың себебі екпе кезінде инфекция түсуінен болуы мүмкін деген болжам айтты.
Ал оқиғаға қатысты Ақтөбе облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы түсініктеме берді.
"Аталған жағдай бойынша біздің мекемеге науқастан немесе оның туыстарынан ешқандай ресми шағым түскен жоқ. Жедел жәрдем станциясында көптеген фельдшер мен медицина қызметкері жұмыс істейді. Шақырту уақыты, мекенжайы немесе бригада нөмірі көрсетілмесе, нақты қай қызметкер туралы сөз болып отырғанын анықтау қиын. Егер азаматша ресми түрде жүгінсе, қызметтік тексеру жүргізуге және барлық мән-жайды жан-жақты қарастыруға дайынбыз. Мұндай жағдай бойынша бізге ешкім шағымданған жоқ", – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының өкілдері.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр