Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен де елігіп, қызығып кеттім": Көбейтұз көлінің тұзын алып кеткен ер адам екі аптадан соң оны қайтарды

Жақында Ақмола облысы Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлінен адамдар тұзын сатып жатыр деген ақпарат тарады. Бірі көл тұзын емдік деп санап алып кетсе, енді бірі коронавирустан құтқарады деп әлек болған. Желі қолданушылардың бірі Асхат Ахмедияров та тұзды өзімен бірге алып кеткендердің қатарынан болған. Алайда ол жасаған қателігін түсініп, табиғатқа тиесілі меншігін өзіне қайтарған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Айтуынша, осыдан екі апта бұрын ол да көпшілік сияқты көлден қызығып тұз алып кеткен.

"Кеше, Айнұрмен Көбейтұзға бардық. Көлге тұзды қайтардым. Екі апта бұрын мен де елігіп, қызығып кеттім. Блокпостта аудан әкімін кезіктіріп, не үшін келе жатқанымызды айтып түсіндірдік. Қуанышқа орай, ол жағдайымызды түсінді, кіруге рұқсат етті", - дейді ол.

Әкім өз кезегінде көлді тазалау жұмыстарымен айналысып жатқанын айтқан. Бүгін бір жүк көлік қоқыс шығардық деген.

"Тұзды қайтарған соң, Көбейтұзға көршілес аймақтарды тазарттық. Пластиктерді жинап, Астанаға, келген жеріне қайтарамыз деп шештік", - деп жазды ол өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Бұған дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов тұз алғандарды, қоқыс тастағандарды ұстап, айыппұл салатынын айтқан болатын.

"Су айдыны болғандықтан ереже бұзуға болмайды. Біз санкция шараларын қабылдауымыз керек, дұрыс емес демалуды тоқтатуымыз керек. Тұз үшін айыппұл қанша мөлшерде алғанына байланысты, ал қоқыс тастағаны үшін жеке және заңды тұлғаға айыппұл мөлшері 5 АЕК және одан жоғары болады. Жалпы Нұр-Сұлтанға жақын жерде адамдар демалатын көптеген көл мен өзен бар. Бұл үлкен проблема. Өткен жылы біз Қоянды көліне барып, оны тазартуға тырыстық, алайда бір аптадан баяғы қалпына қайта келді. Жаңа Кодексте біз қоқыс тастағандарға салынатын айыппұл мөлшерін көбейтуді көздейміз. Бүгін біз елорданың айналасындағы қоқыстарға бардық. Мысалы, полиция алкогольдік сусындардың ішілмеуін, халықтың қоғамдық орындарда темекі шекпеуін қадағалайды. Бұл механизмдер жұмыс істейді, сондықтан біз де экологияға қатысты осындай шараларды қабылдауды жалғастырамыз", - деген болатын комитет төрағасы.

Еске салайық, осыған дейін түсі бірегей көлдің тұзы бір келісі үшін 5000 теңгеге сатылып жатыр деген ақпарат тараған.

Біраз уақыт талқыдан соң көлге ерекше мәртебе беріп, мемлекеттің қарауына алатыны айтылды. 

 

Талқылау