Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Коронавирусты емдейді": Қазақстандықтар ерекше Көбейтұз көлінің тұзын сатып жатыр

Әлеуметтік желіде коронавирусты емдейді деген себеппен елорда маңындағы қызғылт Көбейтұз көлінің тұзын сатып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

көбейтұз

Көлдің тұзының бір келісі үшін сатушы 5000 теңге сұрайды.

"Көбейтұздың тұзын сатамын. Келісі – бес мың теңге. Көптеген ауруға ем. Коронавирус пен іш өту жағдайында көмектеседі. Тамақты шайып, асқа қосуға болады. Тұзды ваннаға да жақсы. Пікірге қалдырыңыз. Өзіміз сізге жазамыз. Он шелек қана қалды", - делінген желідегі парақшалардың біріндегі хабарламада.

Көлдің тұзы шынымен коронавирусті өлтіре ме деген сұраққа инфекционист жауап берді.

"Коронавирус тұзды суда өледі деген көп айтылып жүр. Ол жалған ақпарат. Бұл вирус тек антисептик пен дезинфекциялық құралдардың барлығынан өледі. Қазір Қазақстанның өзінде емдеу хаттамасының 11 редакциясымен емдеп жатырмыз. Емдеу хаттамасы бүкіл әлем бойынша жиналған тәжірибе, үйренген машықтар, дәрілердің қолдану тәжірибесі, диагностикалық құралдарды қолдану тәжірибесі жинақталғанда өзгеріп отырады", - деді инфекционист-дәрігер Тамара Утағанова.

Адамдардың Көбейтұздан тұзды шелектеп әкетуіне байланысты экология министрілігі де алаңдаушылығын білдірді. Олар Көбейтұздың ластану қаупі бар екенін жеткізді.

"Жаңа ғана біз Көбейтұз көліне келдік. ҚР ЭГТРМ экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов бастаған министрліктің мамандарынан құралған топ қажетті жұмыстарды атқарып жатыр. Тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен бірге экологтар судың сапасы тексеру үшін сынамасын алды. Жұмыстың алдын ала қорытындысы кешке жарияланады.

Бұл көлді кейінгі кезде туристердің ластауына және тұзды тиеп әкетуіне байланысты экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алаңдаушылық білдіріп отыр", - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева

Талқылау