Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәжілісте менің алдымда да жас депутаттар болған": Ең жас мәжілісмен атанған Мәди Ахметов сұхбат берді

Ел тарихындағы ең жас депутат Мәди Ахметов Қазақстан ұлттық арнасына сұхбат берді. Өз сөзінде ол жас депутат ретінде үлкен жауапкершілік сезінетінін айтып, алдағы уақытта жастар арасындағы қандай мәселелерді көтеретінін сөз етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәди

"Жас депутат ретінде үлкен жауапкершілікті сезінесің. Мәжіліс жоғарғы заң шығарушы орган болғандықтан, он бес адамның ғана емес, бүкіл халықтың мүддесіне қызмет ету керектігін ұғынып, біліп отырмын. Сондықтан барлық күш-жігерімді салып еңбек етемін деген ойдамын", - деп бастады сөзін Мәди Ахметов. 

Жас депутат Парламентте негізінен жастар арасындағы түйіткілді мәселелерге тоқталып, соларды шешуге күш салмақшы екенін жеткізді. 

"Қазақстанда 18 бен 35 жастағы жастардың санатын алатын болсақ, 5 миллионнан астам азамат бар екен. Еліміздегі әрбір үшінші тұрғынды біз жастардың категориясына жатқыза аламыз. Осы тұрғыда жаңадан бірнәрсе ойлап табудың еш қажеті жоқ, күнделікті мәселелерді қарастырсақ болады. Мәселен, жастардың жақсы университетте білім алып шығуы, сапалы кадр дайындауға тоқталайық. Өкінішке орай, елімізде бұл жағынан біраз қиындықтар бар. Көптеген жекеменшік ЖОО-лар тек қана диплом берумен айналысуда. Нарықтың сұранысымен кәсіби маман дайындап жатқан университеттердің сәйкес келмеуі тағы бар. 70%-дан астам жас маман Қазақстанда өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұны арнайы заңдарды қабылдап, университеттердің білім сапасын тексеріп, рейтингтер құрастыру арқылы қадағалауға болады. Бұл бастамалар қазірден бастап қолға алынуда", - дейді жас шенеунік.

Сөзінше, елімізде бұдан өзге де сұрақтар жетерлік.

"Екінші мәселе - жұмыс орындарын ашу, жастарды сол жұмыстарға тарту. Бір емес, қос диплом алып жұмыссыз жүргендер бар. Солардың мәселесін көтеру ойымда бар. Білім алып, жұмысқа тұрғаннан кейін жастар отбасын құрып жатады. Отау құрғаннан кейін үй қажеттілігі туындайды. Қазірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі оңтайландыру керек. Мәселен, Алматыда "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылды. Бес пайыздық үстемақымен жас мамандарды үймен қамтамасыз мәселесі жолға қойылған. Осындай бағдарламаларды республика деңгейіне шығарып, Қазақстанның әр өңірінде бастаса деген өзіндік бір жоспары бар", - деді Мәди Ахметов.

Сонымен қатар, мәжілісмен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне көңіл бөлу керектігіне тоқталды

"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің соңғы жариялаған жолдауында әрбір елдімекенде, әрбір ауылда жастарды спортқа, өнерге баулитын тегін спорт, домбыра үйірмелерін ашуды, бос уақытты тиімді өткізуді тапсырған болатын. Сол бойынша қазіргі таңда жұмыстарды жүзеге асыру. 

Жастар тек бір категорияға бөлінбейді. Жас отбасылар бар дегендей. Бүгінгі күні жас отбасылардың арасында ажырасу белең алуда. Бұны да бір жағынан қолға алу керек. Мәселе көп. Оның үстіне пандемия барлығын да көрсетті. Тек қана жастар саласында емес, білім, медицина, әлеуметтік салада кемшіліктер бар. Сол кемшіліктерді түзейтін алдағы бес жылда партия жоспарлап отырған жобалардың жүзеге асырып. Қазақстандықтардың жағдайы жақсартуды көздеп, жұмыс жасайтын боламыз", - деді ол.

Мәди Ахметов бұған дейін мәжілісте жас депутаттардың болғанын мысалға келтірді. 

"Ең жас депутат деп жатыр ғой, осы тұрғыда мәжілістің VI шақыртылымында Nur Otan партиясынан Геннадий Шиповских 26 жасында мандатқа ие болғанын ескеру керек. Мен 25-ке толықтай толдым, 26-ға кеттім. Қатты бір айырмашылық көріп отырғаным жоқ. Жастарға жол беру керек, жастар келсін деп айтып жатыр ғой. Сол себепті бар күш-жігерімді салып еңбек етемін деген ойдамын", - дейді депутат.

"Nur Otan-нан" депутаттыққа ұсынылған ол партияның жобалары аясында қандай бастамаларды қолға алатынын атады. 

"Бұған дейін бағдарламалар тек бір ғана республикалық болса, қазір бағдарламалар әр өңірге бөлінген. Мысалға Алматыны алып қарайық. Алматыда 8 аудан бар. Осы әрбір ауданда 5 жыл ішінде қанша мектеп, қанша аурухана, жол жарықтандыру, жолды жөндеу, құбырды қалпына келтіру немесе балабақша ашу деген сияқты өткір-өткір мәселелерді жинақтап алып, партиямыз 216 жол картасын жасап жатырмыз. Бұрын бізде жалпылама ғана Қазақстан бойынша 800 мектеп салынады десе, біздіклер кім салады, қашан салынатынын түсінбей жатады. Ал қазір әрбір аймақта бағдарлама дайындалған. Ал жаңа жоба бойынша әрбір қазақстандық өзінің тұрып жатқан өңірінде, қанша кинотеатр, қанша кітапхана салынатынын көріп бақылай алады", - дейді ол. 

Жас депутат ауыл жастарына көңіл бөлу, ауыл жастарын қолдау керектігіне тоқталды. Оның ішінде 3000 жас маманға өз кәсібін ашуға жәрдемдесу, оларды арнайы курстардан оқытып шығару жоспарымызда деген ол бұл бастамалардың барлығы әлеуметтендіру, жастарға жағдай жасауға бағытталған шаралардың көрінісі дейді. 

Мәди Ахметов өзімен қатарлас депутат әріптестерін таныстырып өтті.

"Басқа партиялардан ұсынылған депутаттардың тізімімен әлі танысып үлгермедім. Десек те "Nur Otan" партиясының атынан жастар квотасы да, әйелдер квотасы да сақталып, толықтай қамтамасыз етіп отыр. Бұл да біздің партияның жастарға тең мүмкіндіктер жасап отырғанынын көрініс шығар. Оның ішінде жастармен көп уақыт бойы жұмыс істеп жүрген "Jas Otan" жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев, еріктілер қозғалысының бастамашысы Вера Ким, алдыңғы шақырылымда толықтай атқарып шыққан Геннадий Шиповских бар, бизнес, стартап саласында жүрген Тілектес Адамбаев бар. Осыған орай, Парламентте жастардың үні естіледі деп ойлаймын, сөз, қағаз жүзінде ғана емес, осы бес жылдың ішінде шынымен жастарға қолайлы жағдай жасалатынына сенемін", - деп қорытындылады сөзін мәжіліс депутаты. 

Еске салайық, бұған дейін Мәди Ахметов еліміздін тарихындағы ең жас депутаты атанғаны жайлы айтылған еді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр