"Майқайың-алтын" кенішіндегі автобус апаты: Іздестіру қауіпті жағдайда жүргізіліп жатыр
"Майқайың-алтын" АҚ аумағында жер астына құлаған автобусты іздестіру жұмыстары қауіпті жағдайда жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Павлодар облысы ТЖД
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, комиссия алдағы уақытта құтқаруды жүргізу мүмкіндігін зерттейді.
"Шұңқыр түбіндегі георадарлық профильдерді сканерлеу нәтижесі бойынша, топырақ құрылымы өзгеріп, әлсірегені анықталды. Нысандардың жанында да, астында да қуыстар мен бос орындар бар. Опырылу және топырақтың сырғу қаупі өте жоғары", – делінген хабарламада.
Шұңқыр түбіндегі экскаватор мен мамандар 4 ақпан күні бұрынғы режиммен жұмыс істеді. Бірақ опырылу қаупі әлі де сақталады.
"Қазір опырылудың барлық периметрін зерттеу үшін комиссия құрылып жатыр. Комиссия одан әрі жұмыс жүргізуге рұқсат ету-етпеуді анықтау үшін тау-кен массасын зерттейді", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті “Майқайың-алтын” АҚ аумағында ойыққа құлап кеткен автобусты іздеу уақытша тоқтатылғанын хабарлаған еді.