Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марқұм жатқан бөлмеге 40 күн шырақ жағу қажет пе: Имам түсіндірді

Нұрлан Имам
Фото: instagram.com/nurlanimam.kz

Қоғамда адам қайтыс болғаннан кейін оның бөлмесіне 40 күн бойы шырақ немесе жарық жағып қою керек деген түсінік қалыптасқан. Алайда Нұрлан имам мұндай амалдың марқұмға ешқандай пайдасы жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Имам бұл тақырыпты әлеуметтік желіде жариялаған видеосында көтерді. Оның айтуынша, бұл дүниеде жағылған шамның жарығы о дүниеге жетпейді. Сондықтан марқұм жатқан бөлмеде арнайы жарық жағып қою діни тұрғыдан міндет те, қажет амал да емес.

“Марқұмға үйде жанып тұрған шамнан пайда жоқ. Керісінше, бұл оған күнә болуы мүмкін. Ол сізге “шам жақ” деген жоқ. “Өзің шам-шырақ болып жан, ұрпағыңмен, тәрбиеңмен пайдаңды тигіз” деді”, – деді Нұрлан имам.

Сондай-ақ имам мұндай әрекеттің қауіпсіздік тұрғысынан да қатерлі екенін ескертті. Айтуынша, шам жағамын деп үйінде өрт шығарып алған жағдайлар да болған.

“Бұл дүниедегі жарық о дүниені жарық қылмайды. Ол шамның жарығы сол бөлменің ішінде ғана қалады”, – деді имам.

Оның сөзінше, марқұмға шынайы пайданы артында қалған ұрпағының тәрбиелі, иманды, ізгі болуы әкеледі .

Еске салайық, бұған дейін имам Қазақстанда жол үстінде намаз оқуға тыйым салынатынын айтқаны хабарланған еді. Яғни басқа адамдардың қозғалысына кедергі келтіріп құлшылық жасауға болмайды. Ондай әрекет заңға ғана емес, діни ережеге де қайшы екен. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 16:10