Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марафонда жүлделі орынға ие болған 72 жастағы қарияның биі желіде талқыға түсті

Кезекті сайыста жүлделі орынға ие болған қазақстандық марафоншы Төлеутай Жаманбек желі қолданушыларын биімен тәнті етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

қария

72 жастағы қарияның билеген сәті әлеуметтік желіде лезде тарап кеткен. 

"Біздің спортшымыз Жаманбек Толеутайдың позитиві бүгін бүкіл Атырауды жаулап алды! Осындай жігерлі және сау болу үшін спортпен шұғылданыңыз!" – деп жазды Atyrau Marathon Instagram-парақшасында. 

Көңілді қария 60 жастан асқандар арасында 5 шақырым қашықтықты 36 минутта жүгіріп өтіпті. Осылайша ол 4-орын иегері атанған. 

Stan.kz тілшісіне пікір білдірген ол бала күнінен қашықтыққа жүгіруді жанына серік еткенін айтады. Осы жаста да мінсіз физикалық формада келе жатқан марафоншы мәңгі жастықтың құпиясымен бөлісті.

ақсақал

"Физикалық форманы сақтаудың айтырлықтай құпиясы жоқ. Бастысы – спортпен шұғылдану. Адам қаншалықты тамақтанса, соншалықты спортпен айналысу керек. Әсіресе, жүгірудің адам ағзасына өте пайдалы екенін ғалымдар дәлелдеді емес пе? Сондықтан жастарға телефонға телміріп, бір орында отыра бермей, табиғат аясына шығып, дене шынықтыруға кеңс берер едім. Егер бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келсе, қазірден бұқаралық спортты дамыта беру керек", – дейді ақсақал. 

"Атаның бұл көңіл-күйі үшін жолды жауып, осындай шараны ұйымдастыруға болады", "Тартымды әрі харизмалы спортшы", "Ата үшін қуаныштымын, жүлделі орын алғаны жақсы болған, ол қатты қобалжыған еді", "Төлеутай атаны талай жылдан бері танимын. Ең көңілді әрі мейірімді жан", – деп жазды желі қолданушылары. 

Талқылау