Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз автобусына шабуыл жасау оқиғасы: Оқ тиген адам Ресей азаматы болып шықты

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысында болған қарақшылық шабуылға қатысты түсінік берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Қырғыз автобусына шабуыл жасау оқиғасы: Оқ тиген адам Ресей азаматы болып шықты

“2018 жылдың 6 сәуір күні 1988 жылы туған С.С. есімді Қырғызстан Республикасының азаматы ақ түсті Mercedes-Benz Sprinter көлігімен “Жайназ-Авто” бекеті арқылы Қазақстан-Ресей шекарасынан өткен. Ер адамның қасында жолдасы болған. Ол басқа көлік мінген.  Сағат кешкі 17:00 шамасында Mercedes-Benz көлігінің иесіне бір ер адам жолыққан. Ол  Шымкентке дейін жеткізіп тастауды сұрапты. Өзі шекарадан жаяу өткен. Жолаушы – 1983 жылғы Тәжікстанның тумасы. Оның қолында Ресей Федерациясының төлқұжаты болды.  Туған жеріндегі үйлену тойына қатысу үшін жолға шыққан”, – деп атап көрсетті Қырғызстанның ішкі істер министрлігінің Қазақстандағы өкілдігі қызметкерлері.

Ресми мәлімет бойынша, Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі кешке қарай жолдасымен бірге көліктерін Ақшат кентінде қалдырыпты. Мұнан кейін Ақтөбе қаласына барған. Осы кезде жолаушы бусикте жалғыз өзі қалған. Алайда түнгі сағат 01.50-де сол жолаушы көлік иесіне қоңырау шалған. Ол өзіне оқ атылғанын айтыпты.

“Сол уақытта қарақшылық шабуыл жасалған. Салдарынан Ресей Федерациясының азаматы жарақат алды. Шабуыл жасаған адамдар оның ақшасын, жеке құжаттарын және алтын заттарын алып кетіпті.

Мұнан кейін зардап шеккен адам жергілікті ауруxанаға жеткізілді. Қарақшылық шабуыл кезінде Қырғызстан азаматының жеке меншігіне залал келді. Полиция қызметкерлері оқиға орнын толығымен қарап шықты.

Қазіргі уақытта тергеу шаралары атқарылып жатыр”, – делінген ресми ақпаратта.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының тасжолында белгісіз біреулер қырғызстандық нөмір тағылған микроавтобусқа оқ жаудырып, бір адамның жарақаттанғаны хабарланған еді.

Оқи отырыңыз:

Шымкентте экс-футболшы қайырымдылыққа ақша жинап, өз қажеттілігіне жұмсаған

Қостанайда зират басында жайылып жүрген жылқылардың иесі жазаланды

Ақтөбе тұрғындары лифтіде жан тапсырған тележүргізушіні ақтық сапарға шығарып салды (фото)

Астанада жоғалды деген 21 жастағы жігіт аман-есен табылды

Талқылау