Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Балам 11 айлық кезде күйеуім көзіме шөп салды”: Актриса Элизат Берікова жарынан ажырасқан соң қиындықтан қалай шыққанын айтып берді

Экс-әнші, әрі актриса Элизат Берікова қазір кәсіби визажист болып жүр. Бұл салаға бет бұруына арудың жолдасымен ажырасуы себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz агенттігі.

Танымал топта ән айтып, бірнеше мәрте отандық фильмдерде басты рөлді сомдаған Элизатты қазір түсірілім алаңынан көрмей жүрміз. Есесіне, жалғызбасты ана балаларының жағдайын жасауы үшін жаңа мамандықты меңгеріп, сол салада қызмет жасап жүрген көрінеді. 

“Негізі мен үшін қиын сұрақ. Тұрмысқа шыққаныма үш жыл болғанда күйеуімнің көзіме шөп салғанын білдім. Кішкентай балам 11 айлық еді. Түнгі сағат 11-де асүйде егіліп жылап, Instagram ақтарып отырдым. Бір маманның "базалық боянуды үйретемін" деген жарнамасын көріп қалып, сол маманнан білім аламын деген ниетім пайда болды. Сөйтіп нақты "ажырасамын" деп шешім қабылдап қойдым”, – дейді Элизат.

Алайда декреттік демалыстағы ананың қолында мүлдем ақшасы болмаған. Ең қымбат бриллиант сырғасы мен сақинасын ломбардқа 100 мың теңгеге өткізіп, өзін дамытуға бел буыпты.

“Визажист мамандығын үйрену үшін 75 мың теңге төлеп, қалған 25 мың теңгені жолыма алып қойдым. Бір аптаның ішінде кәсіби меңгеріп шықтым да, тағы біраз уақыт үйде бос отырып қалдым. Себебі маған сапалы опа-далаптарды алуға 150 мың теңге қажет болды”, – дейді ол.

Сол кезде адамның ниетіне сай Алланың беретініне Элизаттың көзі тағы бір мәрте жеткен.

“Бір күні маған жекеме жарнама туралы хат келді. Ол жарнама ұсынушы маған 150 мың теңге ұсынды. Қуана келістім. Ақшаны төлеген кезде бірден опа-далаптарымды сатып алдым”, – дейді ол.

Бірақ актрисаның қаржылай қажеттіліктері бірден таусылмаған. Жас бет әрлеушіге қыз-келіншектерді қабылдайтын сұлулық орны керек болады. Оған қажет 30 мың теңгені ару анасынан қарызға сұрап алып, бір ай тынбастан еңбек еткен.

Айтуынша, маңдай термен келген 180 мың теңге табысы әнші үшін 18 миллион секілді құнды әрі қымбат көрініпті.

“Басында қиындықтарға шыдап, бәріне төтеп бергеніме қуанамын. Қазір Алматының ең сұлу арулары маған келіп боянып, алғысын айтып жүр”, – дейді ол. 

Элизаттың барша қазақ қыз-келіншектерге айтар кеңесі де бар.

“Ажырасқан соң көптеген келіншек мәселелерін жазатын болды. Әркімнің басында әртүрлі тағдыр бар. Өмірде кімді қандай тосын сый күтіп тұрғанын білмейміз. Кез келген қыз-келіншектің қаржылай жинақ қоры болу керек деп ойлаймын. Әрқашан да өсу керек, даму керек. Заманға сай мамандықтарды меңгерген дұрыс”, – деп ақыл кеңесін білдірді ол. 

Талқылау