Күдебаев елден қашып кеткеннен кейін үйқамақта отырған бес полиция қызметкерін түрмеге ауыстырған
Алматы және Алматы облысы ІІД бұрынғы бастығы Серік Күдебаев Қазақстаннан қашып кеткеннен кейін үйқамақта отырған бес полиция қызметкері түрмеге қамалды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде белгілі журналист Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында жазды.
"2023 жылдың 19 сәуірінде сағат 17.00 шамасында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің (Қылмыстық-атқару жүйесі – ред.) №67 РҚБ (аралас күзет) мекемесінде Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Төлесбай С. шешімімен сотталушылар әкелінді, олар бұрын Жамбыл облысы бойынша ДП және оның бөлімшелерінде қызмет атқарған", - делінген журналистің жариялаған құжат үзіндісінде.
Құжатқа сәйкес, қамауға алынғандардың барлығы қаңтар оқиғасы бойынша айыпталғандар.
"2023 жылғы 19 сәуірдегі сот отырысында сотталушылар Қимеков Н.М., Оразов С.У., Төребеков М.М., Заурбеков А.А "елден шықпау және дұрыс мінез-құлық туралы жазбаша міндеттеме" түріндегі бұлтартпау шарасы, ал Шанкаров Ф.С.-ға қатысты "кепіл" түріндегі бұлтартпау шарасы "қамау" түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертілді", - делінген құжатта.
- Күдебаев Қырғыстан шекарасына тау арқылы өтуі мүмкін – ҰҚК шекара қызметі
- Барлығы қан-жоса болды: Алматы облысы полициясының бұрынғы бастығы сұхбат берді
Дереккөз бұл оқиғаларды Күдебаевтың қашуымен тікелей байланыстырды.
Бұған дейін Жетісу облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы хабарланған еді.
58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.
Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.
Бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған еді. Кейіннен Күдебаевтың Солтүстік Кипрде қашып жүр деген ақпарат тараған. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын айтқан. Бұл іс бойынша Қырғызстанда тергеу басталған. Бас прокуратура Түркия мен Қазақстан арасында келісімшарт бар екенін және сол бойынша жұмыс істеу басталғанын жеткізген. Серік Күдебаев ұсталған жағдайда, негізгі жазасынан бөлек, тағы 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.