Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қан мен батпақтың ішінде жатыр": Қарағандыдағы жануарлар панасынан түсірілген видео жұртты шошытты

иттер
Фото: Видеодан скрин

Қарағандыдағы иттерді уақытша ұстау пунктінің жұмысы қоғамның қызу талқысына түсті. Әлеуметтік желіде тараған видеода белсенділер мекемедегі антисанитариялық жағдайды, жануарларға тиісті күтім жасалмай жатқанын айтып, құқық қорғау органдарынан тексеру жүргізуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған видеода куәгерлер Қарағандыдағы иттерді уақытша ұстау пунктінде иттердің тиісті жағдайда ұсталмай жатқанын мәлімдейді.

Олардың айтуынша, вольерлерде антисанитариялық жағдай қалыптасқан, өлген жануарлар болған, ал стерилизациядан өткен иттер су берілмей, жалаң еденде жатқан. Сондай-ақ видео авторлары облыстық прокуратурадан аталған жағдайға тексеру жүргізуді сұрайды.

"Операциядан кейінгі иттер нәжістің, батпақтың ішінде жатыр. Мынау шошқаның даусы. Осында шошқаларды өртеп жатыр. Міне, толық жанбай қалған үлкен аяқтары жатыр. Олар ештеңе өртемеймін дейді. Газ баллонын лақтырып, өртеген. Операция жасауға үлгермеген күшіктерді де өртеген. Міне, қараңыздар. "Өртемеймін" дейді. Барлығы қанға боялған", – деген белсенділердің дауысын видеодан естуге болады.

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі жануарларға жасалған қарым-қатынасты қатаң сынап, жауаптыларды жазалауды талап етті.

"Қатыгездер!" деп жазды желі қолданушысы. Тағы бірі "Ақша қайда кетті? Кімнің қалтасына түсті?" деп қаражаттың жұмсалуына күмән келтірді. Ал тағы бір пікірде "Осындай хайуандық жасағандар жануарлар сияқты азап шегіп өлсін!" деген ашу-ыза білдірілді.

Сонымен қатар өзге қолданушылар қаңғыбас жануарларға бюджеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ екенін айтып, мемлекет алдымен әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көбірек көңіл бөлуге тиіс деген пікір білдірді. Кейбірі қаңғыбас иттерді жаппай ұйықтатуды қолдаса, енді біреулері оларды аяйтын адамдар өз үйлеріне асырап алуы керек деген көзқарасын жеткізді.

Осы жағдайға байланысты редакция Қарағанды облысының ветеринария басқармасына хабарласып, ресми пікір алды. Басқарма әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. 

"Тексеру барысында жануарлардың өлекселері пеште өртелді деген дерек расталмады. Аталған пеш тек тұрмыстық қалдықтар мен жем қалдықтарын жою үшін пайдаланылады. Пеш маңынан табылған итті мамандандырылған бригада болжам бойынша жол-көлік оқиғасынан кейін жолдың жүріс бөлігінен тауып, мал қорымына жеткізу үшін алып кеткен. Жануарда ОСВВ (аулау – стерилизациялау – вакцинациялау – бұрынғы мекеніне қайтару) бағдарламасына қатысқанын білдіретін белгілер болмаған", – деп жауап берді ветеринария басқармасы.

Ветеринария басқармасының пікірінше, стерилизациядан кейін жануарлар ветеринариялық талаптарға сәйкес мамандардың бақылауымен күтіп-бағылады. Төсеніш пайдалану ұсынылғанымен, оның болмауы өздігінен жануарларға тиісті күтім жасалмағанын немесе оларға қатыгездік көрсетілгенін білдірмейді дейді басқарма.

Айта кетейік, биыл мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңға қол қойды. Құжат қаңғыбас жануарларды ұстау және олардың санын реттеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Заң қоғамда қызу талқыланып, әсіресе эвтаназия мәселесі бойынша жануарларды қорғаушылар мен депутаттар арасында пікірталас тудырған еді. Осылайша, эвтаназияны тек ветеринардың медициналық қорытындысы болған жағдайда ғана қолдану нормасы бекітілді.

Еске салайық, маусым айында Алматы метросындағы қызметтік иттің арық көрінген фотосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Желі қолданушылары жануардың жағдайына алаңдаушылық білдірген. Алайда метрополитен әкімшілігі иттің дені сау екенін, кинологиялық орталықта мамандардың бақылауында ұсталып, тұрақты ветеринарлық тексеруден өтетінін мәлімдеген.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 21:41