Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қараудың өзі ауыр": Алматы метросындағы қызметтік иттің жағдайы желіде қызу талқыға түсті

Ит
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Алматы метросындағы қызметтік иттердің бірінің суреті қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қызметтік иттің фотосы әлеуметтік желілердің бірінде жарияланды. Жазба авторы жануардың жағдайына назар аударған. 

"Алматы метро қызметкерлерінің иттеріне не болған? Ит соңғы демін алып жатқандай, өте арық, жүндері түсіп қалған, қараудың өзі ауыр", – деп жазды бойжеткен.

Жазба авторы суретті 2 маусым күні түсіргенін айтады.

Жазбаға желі қолданушылар алаңдаушылық тудырған пікірлер жинады. Кейбір қолданушылар метрополитен басшылығын бұл мәселеге назар аударуға шақырды. Басқалары жағдайға тиісті мамандандырылған қызметтерді тартуды және тексеру жүргізуді талап етті. 

Кейбір пікірталасқа қатысушылар иттің жақында емделген болуы мүмкін екенін немесе оның асқазан-ішек жолдарында мәселелер бар екенін болжады. Ал басқалары оның жағдайын есірткі заттарын іздеу үшін пайдаланылатын қызметтік ит болуы мүмкін деген жорамалмен байланыстырды. 

Метрополитен өкілдері фотодағы иттің қызметте екенін растады.

"Бұл жануар дене бітімі жіңішке әрі жоғары белсенділігімен ерекшеленетін тұқымға жатады. Сыртқы көрініс әрдайым жануардың нақты денсаулық жағдайын толық көрсете бермейді. Барлық қызметтік иттер кинологиялық орталықта ұсталады, мамандардың тұрақты бақылауында болады, бекітілген рационға сәйкес толыққанды тамақтанады және жүйелі түрде ветеринарлық тексеруден өтеді", – деп түсіндірді метрополитеннің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ компания өкілдері кадрларда бейнеленген иттің шынымен де есірткі заттарын іздеуге үйретілгенін және метрополитен станцияларында қызмет атқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар баспасөз қызметі жануардың тиісті емес жағдайда ұсталып жатыр деп пайымдауға ешқандай негіз жоқ екенін қосты.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында ер адам итті өртеп жібергені туралы жазған едік. Куәгерлер жануарға ешкімнің араша түспегеніне наразылық білдірді.

Дана Русланқызы
Жұма, 05 Маусым, 2026 22:23