Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сыйлаған көлігін кейін қайта алып кетті": Әнші Қарлығаш Сұлтанша Ернар Айдар туралы айтты

Ернар Айдар мен Қуаныш пен Қарлығаш
Фото: Instagram.com/ernaraidar_kz / kuanysh_karlygash

Әнші Қарлығаш Сұлтанша Ернар Айдардың өнер жолындағы алғашқы кезеңі мен композитор әрі жолдасы Қуанышқа берген уәдесі туралы әңгімеледі. Ол мұны журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты.

Өнер иесінің сөзінше, Ернар Айдар танымал болмай тұрған шағында олардың отбасымен етене араласып, төрт жылдай бір шаңырақта тұрған. Осы уақытта ол Қуаныштың жанында жүріп, ән айту, сахнада өзін ұстау және тойда өнер көрсету тәжірибесін жинаған.

Қарлығаш Сұлтанша сол жылдары жас әншінің ұстазына үлкен уәде бергенін еске алды. Ернар тұрақты түрде тойға шығып, табыс таба бастаған кезде Қуанышқа қымбат көлік мінгізетінін айтқан.

“Кейін ол Қуанышқа Pajero сыйлады. Бірақ біраз уақыт өткен соң сол көлікті қайтадан алып кетті”, – деді әнші.

Осы оқиғадан кейін Қарлығаш Сұлтанша жолдасына шығармашылық еңбектің ақысын уәдеге қалдырмай, дер кезінде алған дұрыс екенін айтқан. Сондай-ақ ол ауызша айтылған сөзге сеніп қалмай, атқарылған жұмысқа нақты есеп жүргізу қажет деген пайымға келген.

Әнші Ернар Айдардың бір концертінде Қуанышқа шапан жабылғанын да еске алды. Сол кезде желі қолданушылары ұстазына бұдан да үлкен құрмет көрсетілуі керек еді деген пікір білдірген.

Соған қарамастан Қарлығаш Сұлтанша бүгінде өткен жағдайға бола өкпе сақтамайтынын жеткізді. Ол Ернарды үйлеріне қабылдау да, оған ән беру де өздерінің таңдауы болғанын айтты.

“Негізінде ешкім ешкімге міндетті емес. Біз қаламасақ, оны үйімізге кіргізбес едік, ән де бермес едік. Өмірде адамдар бір-бірінің жолына себепші болады. Сондықтан қазір ешкімге ренішіміз жоқ”, – деді ол.

Қарлығаш Сұлтанша Ернар Айдардың жетістігін тек бір адамның еңбегімен байланыстыру дұрыс емес екенін де атап өтті. Оның айтуынша, әншінің қалыптасуына ұстазы, отбасы, ағасы және шығармашылық жолында қолдау көрсеткен өзге де адамдар үлес қосқан.

Сонымен бірге ол Ернардың өте еңбекқор екенін айтып, бүгінгі дәрежесіне ең алдымен өзінің тынымсыз еңбегі арқылы жеткенін жеткізді.

“Қуаныштың да үлесі бар. Бірақ Ернардың бүгінгі табысы – өзінің еңбегінің нәтижесі. Сондықтан ескі әңгімені қайта қозғап, өкпе артудың қажеті жоқ”, – деп түйіндеді әнші.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 17:45