Эльдар Күзенбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды

Үкіметтің қаулысымен Эльдар Күзенбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Эльдар Күзенбаев 1982 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Ол Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетін және Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2002 жылы Қостанай облысы Соттар әкімшісінің ұйымдастыру-талдау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.
Әр жылдары Қостанай облысы Соттар әкімшісінің Қарабалық аудандық учаскесінде аға сот орындаушысы болды.
Одан кейін:
- Рудный қалалық аумақтық учаскесінде аға сот орындаушысы;
- Қостанай облысы Соттар әкімшісінің атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру және сот приставтарының қызметі бөлімінің бастығы;
- Қостанай облысы Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы;
- Қарабалық және Қостанай аудандық әділет басқармаларының басшысы қызметтерін атқарған.
2010-2013 жылдары Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары болды.
2013-2018 жылдары Сарыкөл ауданының әкімі, 2018–2019 жылдары Арқалық қаласының әкімі қызметін атқарды.
2019-2021 жылдары Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2021–2022 жылдары Қостанай облысы әкімінің аппаратының басшысы болды.
2022-2026 жылдары президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор қызметін атқарды. 2026 жылғы наурыздан бастап осы уақытқа дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ұлы Айсұлтан Сейпелов Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді. Ол мемлекеттік қызметке биыл маусымда ғана бас маман ретінде келіп, бір айдан кейін аудан әкімінің орынбасары қызметіне көтерілді. Әкімдік конкурс заң талаптарына сай өткенін және үміткердің министрдің ұлы екенін конкурс кезінде білмегенін мәлімдеді. Арнайы тексеру әлі аяқталған жоқ.
Шымкентте әскерге барудан қашқан 23 жастағы жігіт үшінші қабаттан секіріп комаға түсті
Оқыңыз