Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай халықаралық бедел бойынша алғаш рет АҚШ-тан озды: Көпшілік екі ел президенттерін қалай бағалады

Трамп Си Цзиньпин
Фото: Reuters/Evan Vucci

Қытай әлемнің көптеген елінде жағымды қабылдану көрсеткіші бойынша алғаш рет АҚШ-тан озып шықты. Pew зерттеу орталығының сауалнамасына сәйкес, 36 елдің 25-інде тұрғындар Қытайға АҚШ-қа қарағанда оң көзқарас білдірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл сауалнаманы қандай да бір АҚШ-тың саяси ұйымына қатысы жоқ америкалық Pew зерттеу орталығы жүргізді. Ақпаннан мамырға дейінгі аралықта 36 елде 42 мыңнан астам адам сауалнамаға қатысқан. Зерттеу барысында тұрғындардан екі елдің басшыларына деген көзқарасы да сұралған. Көпшілік Қытай төрағасы Си Цзиньпинге де, АҚШ президенті Дональд Трампқа да толық сенім білдірмейтінін айтқан. Дегенмен кей елдерде Сиге деген сенім деңгейі Трампқа қарағанда сәл жоғары болған.

Сауалнамаға қатысқандардың көбі АҚШ азаматтардың жеке құқықтары мен бостандықтарын Қытайға қарағанда көбірек құрметтейді деп есептейді. Алайда көптеген респондент Қытай басқа мемлекеттердің ішкі ісіне АҚШ сияқты жиі араласпайтынын айтқан.

Зерттеу нәтижесінде 36 елдің 25-інде Қытайға деген көзқарас АҚШ-қа қарағанда жақсырақ екені анықталған. Pew сарапшысы Джонатан Шульманның айтуынша, екі державаны салыстыру басталған 2002 жылдан бері мұндай нәтиже алғаш рет тіркеліп отыр.

Бұған дейін де АҚШ-тың беделі төмендеген кезеңдер болған. Мысалы, Джордж Буштың президенттігінің соңында және Дональд Трамптың алғашқы мерзімі басталған кезде америкалықтарға деген сенім азайған. Бірақ ол кезде Қытайға деген оң көзқарас АҚШ-пен шамаласғ тіпті одан төмен болған.

Испания, Индонезия, Италия, Грекия, Канада: Қытайды жоғары бағалаған елдер

Қытайға деген көзқарастың ең үлкен өзгерісі Испания, Индонезия, Италия, Грекия және Канадада байқалған. Ал тек алты елде ғана АҚШ-ты Қытайдан жоғары бағалаған. Олардың қатарында АҚШ-тың негізгі одақтастары саналатын Польша, Филиппин, Оңтүстік Корея, Үндістан, Жапония және Израиль бар.

Соңғы жылдары Қытайға деген оң пікір зерттеуге қатысқан елдердің үштен бірінен астамында артқан. Ең жоғары көрсеткіш Италия, Испания, Колумбия, Мексика, Индонезия, Малайзия, Нигерия және Түркияда тіркелген. Жалпы алғанда, орташа табысты елдердің тұрғындары Қытайға көбірек оң көзқарас білдірсе, бай мемлекеттерде Қытайға қатысты сын басымырақ болған. Дегенмен соған қарамастан Сингапур Қытайды қолдаған.

Азия-Тынық мұхиты аймағында Қытайға қатысты ең жоғары және ең төмен бағалар тіркелген. Мысалы, Пәкістан тұрғындарының 90 пайызы Қытайға оң көзқарас білдірсе, Жапонияда бұл көрсеткіш небәрі 11 пайызды құраған.

Сауалнамада қатысушылардан “Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың әлемдік саясатта дұрыс қадам жасап жатқанына сенесіз бе” деген сұрақ та қойылған. Нәтижесінде екі көшбасшыға да сенім деңгейі көп елде 50 пайыздан төмен болған. Алайда кей мемлекеттерде Сиге деген сенім біршама жоғары шыққан. Си Цзиньпинге ең жоғары баға Пәкістанда берілген – 83 пайыз. Ал ең төмен көрсеткіш Жапонияда тіркелген – 7 пайыз. Дональд Трампқа ең көп сенім білдірген ел – Филиппин (68 пайыз). Ал Палестина аумақтарында оның саясатына сенетіндер небәрі 4 пайыз болған.

Джордж Шульманның сөзінше, адамдар Си Цзиньпин туралы пікір білдіруге аса белсенділік танытпаған. Ал Трампқа қатысты жауаптар керісінше, айқын әрі екіге бөлінген. Сонымен бірге АҚШ азаматтардың жеке бостандықтарын қорғау мәселесінде Қытайдан әлі де алда тұр. Алайда бұл айырмашылық біртіндеп азайып келеді.

Кейбір орташа табысты елдерде тұрғындардың 75 пайызы АҚШ өз елдерінің ісіне көп араласады деп есептейді. Ал Қытай туралы мұндай пікірді 45 пайызы ғана білдірген. Басқа зерттеулер де Қытайдың халықаралық беделі артып келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ саясатының тұрақсыздығы кей елдерде алаңдаушылық туғызса, Қытайды көпшілік болжамды серіктес ретінде қабылдай бастады.

Дегенмен Қытайға деген оң көзқарас артқанымен, Си Цзиньпинге қатысты пікірлер әлі де сыншыл. Тұрғындар Қытайды көбіне технология мен экономикалық мүмкіндіктерімен байланыстырады.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 17:50