Трамп жүкті шетелдік әйелдердің АҚШ-қа кіруін шектеуді жоспарлап отыр

АҚШ президенті Дональд Трамптың көмекшілері мен MAGA қозғалысындағы жақтастары Жоғарғы сотта тумысынан берілетін азаматтыққа қатысты істен жеңілгеннен кейін жаңа жоспарға көшті. Енді олар жүкті шетелдік әйелдердің АҚШ аумағына кіруіне шектеу қоюды ұсынып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Axios.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл бастама иммиграция саласында жаңа дауға түрткі болуы мүмкін. Бұған дейін әңгіме АҚШ аумағында дүниеге келген балалардың азаматтық алу құқығын шектеу туралы болса, енді назар елге кімнің кіре алатынына, жүктілік, сапар және азаматтық мәселесіне ауып отыр.
Сейсенбі күні АҚШ Жоғарғы соты Трамптың АҚШ-та туған, бірақ ата-анасы Америка азаматы емес балаларға азаматтық бермеуге бағытталған жарлығын Конституцияға қайшы деп таныды.
Осы шешімнен кейін MAGA қозғалысына жақын тұлғалар, соның ішінде Federalist негізін қалаушы Шон Дэвис жүкті шетелдік әйелдердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салуды ұсынды. Мұндай идея әкімшілік өкілдері тарапынан да айтылған.
Трамптың кеңесшісі Стивен Миллер сот шешімінен кейін Jesse Watters бағдарламасында АҚШ “елге кімнің, тіпті уақытша негізде болса да, кіруіне рұқсат беретінін өте мұқият ойлауы керек” деді. Оның айтуынша, азаматтығы жоқ адамдардың АҚШ-та туған балалары Америка азаматтығын алып, әлеуметтік қолдау жүйесіне қол жеткізе алады.
Ақ үй өкілі Абигейл Джексон Axios басылымына жолдаған электрон жауабында Трамптың ұстанымын түсіндірді.
“Президент Трамп табиғи жолмен берілетін америкалық азаматтықтың құндылығын қорғауға толық бейілді. Сондықтан кеше шыққан шешімнен кейін ол Конгресті бұл мәселені шұғыл қарауға шақырды”, – деді Ақ үй өкілі.
Оның айтуынша, Әділет министрлігі де “босану туризміне” қатысты схемаларды тергеуге басымдық береді.
“Трамп әкімшілігінде америкалық азаматтықты қорғауға арналған көптеген құрал бар”, – деді Абигейл Джексон.
“Босану туризмі” деп шетел азаматтарының баласына АҚШ азаматтығын алып беру мақсатында Америкаға арнайы барып босануын айтады.
АҚШ Әділет министрлігі сейсенбі күні прокурорларды осындай тәжірибені тергеуге шақырған қызметтік жазба жариялады.
Әділет министрінің көмекшісі Колин Макдональд X әлеуметтік желісінде жарияланған жазбасында АҚШ заңдарында мұндай схемаларға тән әрекеттерді қылмыс ретінде қарастыруға мүмкіндік бар екенін айтты.
“Мысалы мұндай схемалардың көбі жалған виза өтінішінен басталады. Онда АҚШ-қа сапардың мақсаты немесе мерзімі туралы жалған ақпарат көрсетіледі”, – деді ол.
Макдональдтың сөзінше, мұндай істердің көбі виза алаяқтығы бойынша қаралуы мүмкін. Дегенмен прокурорлар интернет немесе байланыс құралдары арқылы жасалған алаяқтық, медициналық қызмет саласындағы алаяқтық, ақшаны заңдастыру және жеке деректерді ауырлататын мән-жайда заңсыз пайдалану баптарын да қарастыруға тиіс.
АҚШ үкіметі шетелдік келушілерден туған балалардың нақты санын есепке алмайды. Алайда сыртқы бағалаулар бойынша, мұндай жағдайлар жылына шамамен 20 мыңнан 26 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының деректеріне сүйенсек, 2025 жылы елде 3,6 миллион бала дүниеге келген. Осы тұрғыдан қарағанда, “босану туризмі” жалпы көрсеткіштің өте аз бөлігін алады.
Ал қарсы тарап бұл бастаманың қауіпті екенін айтып отыр. Ұлттық әйелдер құқығы орталығының федералдық аборт саясаты жөніндегі аға директоры Кэти О’Коннор Axios басылымына берген пікірінде әйелдердің жүктілігі туралы деректің федералдық немесе штат билігінің қолына түсуі қауіпті жағдайға әкеп соғуы мүмкін екенін айтты.
“Кімнің жүкті екенін, жүктіліктің қай кезеңінде екенін көрсететін деректердің федералдық үкіметтің, тіпті штат билігінің қолына түсуі – өте қауіпті ұсыныс”, – деді ол.
Бұл талқылау АҚШ-та футболдан әлем чемпионаты қарсаңында ұлттық құрамаға қолдау күшейген тұста жүріп жатыр. Команда құрамында тумысынан берілетін азаматтық болмаса, АҚШ атынан ойнай алмайтын бірнеше футболшы бар.
Солардың бірі – шабуылшы Фоларин Балогун. Ол алғашқы ойында команда соққан голдардың жартысын өз еншісіне жазған.
Трамп жүкті шетелдік әйелдердің АҚШ-қа кіруіне тікелей тыйым салуды ашық қолдаған жоқ. Алайда оның алғашқы әкімшілігі кезінде “босану туризміне” қарсы белсенді шаралар қабылданған.
Сейсенбі күні Truth Social желісінде жазған жазбасында Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинді “тумысынан берілетін азаматтық бойынша үлкен жеңісімен” кекесінді түрде құттықтап, “босану туризміне” тұспалдағандай болды.
Кэти О’Коннордың айтуынша, билік өкілдері әйелдердің жүкті екенін қалай анықтайтыны әзірге белгісіз.
“Бұл адамдардан жүкті-жүкті емесін сұраумен ғана шектелуі мүмкін. Бірақ бұдан да әрі кетуі ықтимал. Бұл әкімшіліктен не күтуге болатынын білмеймін”, – деді ол.
Осылайша, Трамп командасы тумысынан берілетін азаматтық мәселесінде соттан жеңілгеннен кейін иммиграциялық күрестің жаңа бағыты ретінде “босану туризміне” қарсы шараларды күшейтуге кірісуі мүмкін.
Вице-президент кім болуы мүмкін және қандай қызмет атқарады: Саясаттанушылар болжамын айтты
Оқыңыз