Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банк шотын бөгде адамдарға берген астаналыққа 216 мың теңге айыппұл салынды

банк картасы
Фото: magnific.com

Астанада 19 жастағы тұрғын өз атына ашылған банк шотына бөгде адамдарға қолжетімділік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратура мәліметінше, жас жігіт интернеттен қосымша жұмыс іздеп жүріп, әлеуметтік желідегі "жеңіл табыс" туралы хабарландыруға жауап берген.

Кейін мессенджер арқылы белгісіз адамдар оған ақшалай сыйақы үшін өз атына банк шотын ашып, оны криптовалюта операцияларына пайдаланамыз деген желеумен қолжетімділікті беруді ұсынған.

Олардың нұсқауын орындаған астаналық банк шотын қашықтан ашып, мобильді банкинг қосымшасының логині мен құпиясөзін үшінші тұлғаларға берген. Осылайша олар оның шотын еркін пайдалану мүмкіндігіне ие болған. Бұл қызметі үшін жігітке 30 мың теңге төленген.

Кейін аталған шоттың алаяқтық жолмен алынған қаражатты аударуға байланысты заңсыз қаржылық операцияларда пайдаланылғаны анықталды.

Сотта мемлекеттік айыптаушы айыпталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Нәтижесінде оған 50 айлық есептік көрсеткіш (216 250 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сот үкімі 2026 жылғы 29 мамырда заңды күшіне енді.

Астана қаласының прокуратурасы бөгде адамдарға банк шоттарын, төлем карталарын, банктік деректемелерді, сондай-ақ мобильді банкинг қосымшаларының логині мен құпиясөзін берудің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінен бері Қазақстанда "дропперлік" үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осыдан кейін Астанада 17 жастағы жасөспірім банк картасының деректерін алаяқтарға бергені үшін алғашқы қылмыстық істердің бірі қозғалған болатын. Оған жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төнген еді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 21:00