Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ студенттер мен журналистерге берілетін визалардың мерзімін қысқартты

АҚШ ВИЗА
Фото: secondwindeb5.com

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі шетелдік студенттерге, журналистерге және алмасу бағдарламасына қатысушыларға берілетін визалардың қолданылу мерзіміне шектеу енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі шетелдік студенттерге, журналистерге және алмасу бағдарламасына қатысушыларға берілетін визалардың қолданылу мерзімін қысқартты. Бұл туралы АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің Федералдық тізілімде жарияланған хабарламасында айтылған.

Жаңа ережеге сәйкес, F санатындағы студенттік визалар мен J санатындағы алмасу бағдарламасына арналған визалардың ең ұзақ мерзімі төрт жылмен шектеледі. Ал I санатындағы журналистік визалар 240 күнге, ал Қытай азаматтары үшін 90 күнге ғана беріледі.

Бұған дейін бұл санаттағы визалардың нақты мерзімі белгіленбейтін. Виза иелері оқуын немесе жұмысын жалғастырып жатқан жағдайда АҚШ-та қала беретін.

АҚШ билігінің мәліметінше, өзгерістер елге келген шетел азаматтарының мәртебесін тиімдірек бақылауға және көші-қон жүйесіне қосымша қадағалау енгізуге бағытталған.

Мұндай шешімге кейінгі жылдары осы санаттағы визалардың күрт көбеюі себеп болған. 2024 қаржы жылында АҚШ 1,8 миллионнан астам студенттік виза берген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға көп. Сондай-ақ 500 мыңнан астам алмасу бағдарламасына арналған және 37 мыңнан астам журналистік виза рәсімделген.

Енді АҚШ-та белгіленген мерзімнен ұзақ қалғысы келетіндер Ішкі қауіпсіздік министрлігіне визаны ұзарту туралы өтініш беруі немесе елден шығып, қайта кіруі қажет.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ билігі Браун университетіндегі атыстан кейін Green Card лотереясын уақытша тоқтатқан еді. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, атысқа күдікті елге осы бағдарлама арқылы кірген. Осыдан кейін Дональд Трамп әкімшілігі иммиграциялық талаптарды күшейтіп, грин-карта беру тәртібін қатаңдата бастаған еді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 22:01