Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семей орманындағы ірі өрт: Бектенов оқиға орнына шұғыл ТЖМ мен экология министрін жіберді

семейдегі орман өрті
Фото: Видеодан скрин

Абай облысындағы "Семей орманы" қайтадан отқа оранды. Жағдайдың күрделенуіне байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов оқиға орнына төтенше жағдайлар мен экология министрлерін шұғыл аттандырып, өртті оқшаулау жұмыстарын жеке бақылауына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында шыққан ірі орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа шұғыл түрде өңірге баруды тапсырды.

Үкімет басшысы өртті оқшаулау шараларын күшейтіп, тілсіз жаудың таралуына жол бермеуді және жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндеттеді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 шілде күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 400-ден астам адам мен 100-ге жуық техника жұмылдырылған.

Өртті сөндіру жұмыстары өрт қаупінің аса жоғары деңгейіне, аптап ыстыққа және жер бедерінің күрделілігіне байланысты қиындықпен жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен қатар, қорғаныс министрлігінің күштері мен техникалары да тартылды.

Өрттің ең күрделі ошақтарын сөндіруге су төгетін құрылғылармен жабдықталған армиялық авиация экипаждары жұмылдырылған. Әскери ұшқыштар әуеден су төгіп, жердегі құтқарушылардың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр.

Қазіргі уақытқа дейін Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары өрт ошақтарына 30-дан астам мәрте су төгіп, жалпы 57 тонна су шашқан. Авиацияның көмегімен өрттің таралу қарқыны бәсеңдеп, жердегі күштердің оны оқшаулауына мүмкіндік туған.

Төтенше жағдайды жоюға қорғаныс министрлігінің екі Ми-17 және бір Ми-171Ш тікұшағы тартылған. Олар ТЖМ және өзге де қызметтердің бөлімшелерімен бірлесіп, өртті сөндіру, елді мекендер мен орман қорын қорғау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар авиация өрт ошақтарына 100 тоннадан астам су төкті.

Жедел штабтың жұмысы Премьер-министр Олжас Бектеновтің жеке бақылауында.

Еске салайық, орман өрті 16 шілде күні таңертең Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалына қарасты Қамышенка орманшылығының 57-кварталында тұтанған. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, экология және табиғи ресурстар министрлігі, ішкі істер министрлігі, қорғаныс министрлігі, ҰҚК және облыс әкімдігінің күштері тартылды.

Өрттің таралу қаупіне байланысты "DosbolLike" балалар лагерінен 220 адам, оның ішінде 190 бала мен 30 қызметкер қауіпсіз жерге эвакуацияланды. ТЖМ алдын ала мәліметіне сәйкес, өрт шамамен 60 гектар аумақты шарпыған. Жағдай жедел штабтың тұрақты бақылауында.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 20:22