Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көзінің түсін өзгертемін деген алматылық әйел көру қабілетінен айырылып қала жаздады

көз түсін өзгерткен әйел
Фото: magnific.com

Алматы тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелде жасатқан косметикалық операциядан кейін ауыр асқынуларға ұшырап, бір көзінен толық, екінші көзінен жартылай айырылған. Қазақстандық дәрігерлер күрделі операция жасап, оның көру қабілетін ішінара қалпына келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелде жасатқан операциядан кейін ауыр асқынуларға тап болып, көру қабілетінен айырылу қаупіне ұшырады. Дәрігерлердің мәліметінше, операциядан соң әйелде глаукома мен көздің мөлдір қабығының бұлдырлануы дамыған.

Салдарынан бір көзі мүлдем көрмей қалып, екінші көзі жарықты ғана ажырататын жағдайға жеткен. Осыған байланысты оған I топтағы мүгедектік тағайындалған.

Науқас Қазақстан мен шетелдегі бірнеше клиникадан көмек сұрағанымен, ешбір маман күрделі операция жасауға тәуекел етпеген. Кейін ол Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмологы Гүлзат Әбдірайымоваға жүгінді.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың көзішілік қысымы өте жоғары болғандықтан, операция барысында экспульсивті қан кету қаупі туындаған. Бұл көру қабілетін толық жоғалтуға әкелуі мүмкін еді.

Соған қарамастан мамандар жарықты сезу қабілеті сақталған көзді сақтап қалуға шешім қабылдады. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі ота барысында антиглаукомалық операция жасалып, көздің мөлдір қабығы трансплантацияланды.

Сәтті өткен операцияның нәтижесінде көзішілік қысым қалыпқа келтіріліп, бұрын жарықты ғана ажыратқан науқастың көру қабілеті қалпына келе бастады. Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, оңалту емін жалғастырып жатыр.

Мамандардың айтуынша, мөлдір қабықты трансплантациялау – офтальмологиядағы ең күрделі жоғары технологиялық операциялардың бірі. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай оталар донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі. Жыл басынан бері мұнда 12 науқасқа мөлдір қабық трансплантациясы жасалып, олардың көру қабілетін сақтап қалуға және қалпына келтіруге мүмкіндік туған.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыдағы теміржол ауруханасында тізе буынына ота жасатқан 66 жастағы әйелдің қауіпті іріңді инфекция жұқтырғаны туралы хабарлаған едік. Науқас екі жылға жуық уақыт ішінде алты рет ота жасап, жетінші операцияға дайындалып жатқанын айтқан. Оның туыстары дәл осындай жағдайға басқа пациенттердің де тап болғанын мәлімдесе, аурухана әкімшілігі мекемеде инфекциялық қауіпсіздік талаптары сақталатынын және тексерулер барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталмағанын хабарлаған еді.

Айым Атамбаева
Жұма, 26 Маусым, 2026 11:01