Қазақстанда үш жыл ішінде балалардың шотына Ұлттық қордан 370 доллар түскен

Биыл Қазақстандағы әрбір баланың шотына “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы аясында 130,71 доллар түсті. Мұны Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Парламенттің бірлескен отырысында министр 2025 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді.
Мәди Такиевтің айтуынша, "Ұлттық қор – балаларға" жобасы іске қосылған үш жыл ішінде бағдарламаға қатысқан әр балаға жалпы 370,56 доллар берілді.
“2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың активтері 73,8 миллиард доллар болды. Оның ішінде 63,9 миллиард доллары валюталық портфельге тиесілі. Оған қоса Ұлттық банкпен бірлесіп пайдаланылмай қалған қаражатты басқару тетігі әзірленіп жатыр. Бұл тетік қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге, оның өтімділігін сақтауға және алушылардың мүддесі үшін инвестициялық табыс әкелуіне мүмкіндік береді”, – деді министр.
Бұдан бөлек, Мәди Такиев 2025 жылдың негізгі экономикалық көрсеткіштерін де атады. Оның мәліметінше:
- Қазақстан экономикасы 6,5% өсті;
- инфляция деңгейі 12,3% болды;
- орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетті;
- жұмыссыздық деңгейі 4,6% болып сақталды.
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік борыш 36,4 триллион теңге, яғни бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 22,8%-ы.
Айта кетейік, бұған дейін “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы бойынша екі жылда балалардың шотына 233 доллардан аударылғаны туралы жазған едік.
"Төсеме деп айтқаным үшін әкемнен сөз естідім": Қазақстандықтар етеккір туралы айтуды "ұят" көретіндерді сынады
Оқыңыз