Жұманғарин елге тартылған шетелдік инвестиция көлемінің азаюына қатысты пікір білдірді

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Сол кезде депутат Бекбол Орынбеков елге тартылған шетелдік инвестициялардың таза ағыны шамамен 1 миллиард долларға азайғанын айтты. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен оның себебін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 14,4% артып, 25 миллиард долларға жеткен. Десе де таза инвестиция көлемі минус 0,9 миллиард доллар болған.
“Қайта инвестицияланған пайданың басым бөлігі мұнай-газ саласындағы ірі жобаларға тиесілі. Бұл инвестициялардың әлі де шикізат секторына бағытталып отырғанын көрсетеді. Осыған байланысты бірнеше сұрақ туындайды. Үкімет шетелдік инвестиция тартудың қазіргі моделін және халықаралық капиталмен жұмыс істеу тетіктерін қайта қарауды жоспарлап отыр ма? Қазақстанның ішкі нарығының көлемі салыстырмалы түрде шағын екенін ескерсек, шикізаттық емес жоғары технологиялық салаларды және экспортқа бағдарланған цифрлық экономиканы дамыту үшін қандай нақты шаралар қабылданады?”, – деп сұрады сенатор министрден.
Сұраққа премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді.
Оның айтуынша, бүгінгі инвестициялық модель Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді. Дегенмен, 2026 жылдың соңына дейін ол 2030 жылға дейінгі инвестициялық конвенцияға сәйкес жаңартылады.
“Үкімет жаңа міндеттерді ескеріп қажет шешімдер қабылдайды. Біз экономиканың болашағы зор бағыттарын нақты айқындап, ең алдымен технологиялық инвесторларды тартуға ниеттіміз. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды қолдау өндіріс іске қосылғанға дейін ғана емес, одан кейін де жалғасуы тиіс”, – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, бүгінде Үкімет инвесторларды проактивті тәсілмен тартып жатыр. Демек, алдымен әлеуеті жоғары нарықтар талданып, кейін ықтимал инвесторлар анықталады. Содан соң оларға нақты ұсыныстар жасалады.
“Осы мақсатта Investment Board құрылып, металлургия, тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс, көлік, туризм, цифрлық экономика және басқа да салалар бойынша талдау жүріп жатыр. Қазір экономиканың 10 бағыты бойынша даму стратегиялары әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, зерттеулерді Ұлттық экономика министрлігінің салалық департаменттері мен бейінді ғылыми-зерттеу институттары да жүргізуде. Негізгі мақсат – әлемдегі жетекші инвесторларды тарту. Алдағы уақытта жұмысымыз дәл осы классикалық инвестициялық қағидатқа негізделеді”, – деді министр.
Серік Жұманғарин инвесторлар қатарында тек шетелдік компаниялар емес, отандық бизнес те болуы мүмкін екенін айтты.
Оның айтуынша, осы мақсатта екі кепілдік қоры құрылып, кәсіпкерлердің мемлекеттік кепілдік алу талаптары жеңілдетілген. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктерді тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Зейнетақы жинақтарын инвестициялаудың жаңа ережелері бекітілгені туралы жазған едік.
"Төсеме деп айтқаным үшін әкемнен сөз естідім": Қазақстандықтар етеккір туралы айтуды "ұят" көретіндерді сынады
Оқыңыз