Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Қарашығанақтағы газ өндіру көлемін қысқартты: Енді тапшылық бола ма?

газ
Фото: ҚазМұнайГаз баспасөз қызметі

Қазақстан елдегі ең ірі кен орындарының бірі Қарашығанақтағы газ өндіру көлемін уақытша қысқартты. Мұны Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, газ өндіру көлемі 34 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендеген. Осылайша өндіріс көлемі 9 мың тоннаға қысқарған.

“Қазір шикізатты қабылдау көлемі азайды. Алайда қазақстандықтарға алаңдауға негіз жоқ. Елімізде газбен қамтамасыз ету жүйесі қалыпты жұмыс істеп тұр. Ішкі тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету жөніндегі барлық міндеттеме толық көлемде орындалып жатыр”, – деді министр.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі Қазақстан газын көрші елге жеткізуі мүмкін деген ақпаратқа да пікір білдірді. 

Ерлан Ақкенженов Ресей тарапынан Қазақстан газын импорттау жөнінде министрлікке әзірге ешқандай ресми өтініш түспегенін айтты.

Оның айтуынша, егер мұндай өтініш түссе, Қазақстан оны қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген тәртіппен қарайды.

Айта кетейік, бұған дейін Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылынан кейін Қарашығанақ кен орны өндірісін азайтуға мәжбүр болған еді.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 26 Маусым, 2026 10:45