Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сайрандағы жасыл желек қурап жатыр: Тұрғындар саябақтың күтімсіз қалғанына наразы

Сайран көлі
Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы жаңартылған Сайран саябағында егілген шөп пен ағаштар қурай бастады. Тұрғындар жасыл аймақтардың күтімсіз қалғанына алаңдап, әкімдікті жауапкершілікке шақырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы тұрғындары жаңартылған Сайран көлі маңындағы саябақтың жағдайына наразылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, егілген шөп пен ағаштар қурап барады. Қала тұрғындары жергілікті билікті жасыл аймақтарға тиісті күтім жасамады деп айыптауда. Айта кетейік, Сайран жағалауын жаңғыртуға бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Неліктен отырғызылған өсімдіктер суарылмай қалғанын тілші Ануар Амангелдинов анықтады.

Сайран саябағы Алматыдағы соңғы жылдары жүзеге асырылған ең ірі жобалардың бірі. Ауқымды қайта жаңғыртудан кейін бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған болатын. Алайда қазір саябақтағы жасыл желектер қурай бастады.

Тұрғындардың айтуынша, саябақтағы көгалдың соңғы рет қашан суарылғаны белгісіз. Олардың пікірінше, жасыл аймақтың күтіміне жауапты мекемелер өз міндетін тиісті деңгейде атқармай отыр. Сонымен қатар тұрғындар бір ай бұрын ғана жайқалып тұрған шөптің қысқа уақыт ішінде сарғайып кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Олар саябақ аумағында қоқыстың көбейіп, ағаштар мен жапырақтардың қурап бара жатқанын айтып, әкімдік тарапынан бақылаудың әлсіз екенін сынға алды. Сондай-ақ тұрғындардың сөзінше, автоматты суару жүйесі іске қосылмағандықтан, жасыл желек қажетті күтімсіз қалып, қурай бастаған.

Алматы әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Онда абаттандыру жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым автоматты суару жүйесін әлі толық іске қоспағаны айтылған. 

Қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, компанияға барлық кемшіліктерді жедел түрде жою тапсырылған.

"Кепілдік міндеттемелері аясында “Павлодар өзен порты” ЖШС автоматты суару жүйесін орнату және баптау бойынша соңғы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта Сайран аумағындағы суару жүйесінің жұмысы толық тексерілуде. Анықталған кемшіліктер кезең-кезеңімен жойылады", – деді Алматы әкімдігі.

Айта кетейік, бұл Сайранға қатысты тұрғындардың алғашқы шағымы емес. Бұған дейін пайдалануға берілгеннен кейін бірнеше ай бойы қоғамдық дәретхананың жұмыс істемейтіні туралы да айтылған еді. Қазір ол пайдалануға берілген. Мәліметтерге сәйкес, Сайранды қайта жаңғыртуға 12 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Сайран көлінің суы санитариялық талаптарға сай келмейтіні хабарланған еді. Мамыр айында алынған сынамалар нәтижесінде су құрамында лактозаоң ішек таяқшаларының индексі мен еріген оттегі деңгейі гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні анықталды. Мамандар мұны көлге құятын өзендер арқылы келетін тұрмыстық қалдықтар мен кәріз суларының әсерімен байланыстырады. Осыған байланысты санитариялық қызмет тұрғындарға Сайранда шомылмауға және рұқсат етілмеген жерден азық-түлік сатып алмауға кеңес берген.

Айым Атамбаева
Жұма, 26 Маусым, 2026 09:55