Адам неге семіреді: Дәрігер семіздіктен арылудың заманауи әдістерін айтты

Эндокринолог дәрігер, профессор, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Дурманова семіздіктің диагноз екенін айтады. Әлемде миллиардтан астам адам осы дертке шалдыққан. Алдағы он жылда бұл көрсеткіш 4 миллиардқа жетуі мүмкін. Ал 2025 жылы 5-19 жас аралығындағы шамамен 419 миллион баланың дене салмағы индексі қалыпты деңгейден жоғары болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Біз неге салмақ жинаймыз? Денсаулық, мифтер және заманауи шешімдер туралы әңгіме” тақырыбындағы сараптамалық пікірталастың қонағы эндокринолог Айгүл Дурманова адамның тамақтануы, ұйқы режимі, стресс пен өмір салтына байланысты артық салмақ жинайтынын айтты. Адам стресті тамақпен баспай, керісінше оның тамырын тауып, оны дәрігермен шешу керек деп кеңес берді.
Дене салмағы индексі жоғары болуы – мезгілсіз өлім қаупінің негізгі факторларының бірі. Жыл сайын шамамен 5 миллион адам, ең алдымен, жүрек-қантамыр аурулары, 2-типті қант диабеті және бірқатар онкологиялық аурулардың салдарынан мерзімінен бұрын қайтыс болады.
Қазір мемлекет пен Денсаулық сақтау министрлігі семіздік диагнозына баса назар аударуда. Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірлесіп семіздікке қарсы арнайы жол картасын әзірлеп жатыр.
Эндокринолог дәрігер ағзадағы қандай процестер семіздікке әкелетінін баяндады.
“Әйел адамның ағзасында гормондарға байланысты үш рет ауқымды өзгерістер болады. Бірінші – пубертат кезең. Екінші – жүктілік және бала емізу уақыты. Себебі жүктілік кезінде бөлінетін пролактин гормоны артық май тіндерін жинақтауға ықпал етеді және ағза бұл қорларды оңай бере қоймайды. Үшінші маңызды кезең – әйелдегі менопауза кезеңі. Осылайша, әйел өмірінде салмақ қосуға әсер етуі мүмкін негізгі үш кезеңнен өтеді”, – дейді Айгүл Дурманова.

Осы тұста ол Гарвард университетінің мамандары әзірлеген калория санамай-ақ күнделікті дұрыс және теңгерімді тамақтануға көмектесетін қарапайым әрі тиімді сызба – “Гарвард тәрелкесі” туралы айтты.
“Тәрелкенің жартысында бағдаршамның үш түсі де болу керек, яғни көкөністер. Төрттен бір бөлігі ақуыз және төрттен бір бөлігі көмірсу болуы керек. Көмірсусыз болмайды, себебі сол арқылы ағзаға В тобындағы дәрумендер түседі. “Гарвард тәрелкесімен” тамақтансаңыз, салмақ қоспайсыз және оны бірқалыпты ұстайсыз. Сондай-ақ мен вегандық диетаны құптамаймын. Өйткені ағзада темір мөлшері жетіспей, адам анемияға шалдығады. Оны емдеу өте қиын. Ет жеу маңызды және пайдалы, онымен біздің ағзаға “дұрыс” темір түседі”, – дейді эндекринолог.
Айгүл Дурманова семіздік ерік-жігермен шешілетін дүние емес екенін атап өтті. Ол да қан қысымы секілді медициналық жолмен емделетінін айтты.
Дәрігердің айтуынша, қазір семіздіктің 2-типті қант диабетіне, қан қысымының жоғарылауына, инфаркт пен инсультке әкелетінін дәлелдейтін статистикалық деректер бар. Өте маңызды жайт – семіздік онкологиялық ауруларға да әкелуі мүмкін.
Олар:
- Сүт безі қатерлі ісігі;
- Эндометрий обыры;
- Ұйқы безі обыры;
- Тоқ ішек обыры;
- Ер адамдарда – қуықасты безінің обыры.
Сонымен қатар мұндай науқастар майлы гепатоздан зардап шегеді, яғни бұл – бауырдың майлануы. Қазір бауырды май басу бауыр обырының негізгі себептерінің бірі. Дәрігердің айтуынша, Америкада анамнезінде майлы гепатоз болып, кейін ол майлы циррозға ұласқан науқастар бауыр трансплантациясына мұқтаж. Сондықтан осы қауіп факторларына міндетті түрде назар аудару қажет.

Семіздікті емдеудің негізгі үш әдісі бар:
- Диета және өмір салтын өзгерту – дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін арттыру;
- Егер бұл көмектеспесе, дәрі-дәрмекпен емдеу, яғни, фармакотерапия қолданылады. Бұл кезде тәбетті төмендететін және салмақ азайтуға көмектесетін пептидтік препараттар тағайындалады;
- Бариатриялық хирургия – семіздікті хирургиялық жолмен емдеу.
“Менің ойымша, денсаулыққа ең қауіптісі – дәл осы бариатриялық хирургия. Өйткені оның салдары ағзадағы белгілі бір қоректік заттардың тапшылығына әкеледі. Мысалы, ағзада В12 дәрумені мен басқа да микроэлементтердің мөлшері азаяды. Тағы бір ескеру керек дүние бар: бариатриялық операциядан кейін біраз уақыт өткен соң адам қайта салмақ қосуы мүмкін. Әдетте, мұндай жағдай шамамен 5 жылдан кейін байқалады. Науқас бастапқыда өте жақсы арықтайды, тіпті 50 килограмға дейін салмақ тастауы мүмкін. Бірақ кейін салмақтың қайта артуы, яғни рецидив болады. Себебі асқазан – бұлшықетті мүше. Егер адам операциядан кейін тамақтану тәртібін өзгертпесе, порция мөлшерін азайтпаса және дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастырмаса, уақыт өте келе асқазан қайтадан кеңейе бастайды”, – дейді эндокринолог.
Шамамен 5 жыл ішінде оның көлемі ұлғайып, адам бұрын жоғалтқан салмағын қайта жинауы мүмкін. Бариатриялық операция ұзақ мерзімді нәтиже беруі үшін міндетті түрде дұрыс тамақтану мен өмір салтын өзгерту қажет.
Айта кетейік, бариатриялық хирургия — асқазанның көлемін кішірейту немесе тағамның ішек арқылы өту жолын өзгерту арқылы салмақты азайтуға бағытталған операциялар тобы.

Десе де дәрігер көпшілік білетін интервалды ашығудың белгілі бір дәрежеде ғылыми негізі бар деп санайды. Яғни, адам дұрыс тамақтанып, негізгі астың арасында жиі тіскебасар жемесе, қандағы инсулин деңгейінің күрт ауытқуы азаяды. Осылайша ұйқы безі демалады.
“Ұйқы безі инсулинді дұрыс өндіріп, қажет мөлшерде жинақтай алады. Егер сіз бірінші таңғы ас, екінші таңғы ас, түскі ас, бесіндік ас, тіскебасар деп үзбей әлдене жеп жүрсеңіз, ұйқы безі күні бойы тоқтаусыз жұмыс істеуге мәжбүр болады. Өйткені ол үнемі инсулин бөліп отыруы керек. Ал инсулин гормоны ағзада май тінінің түзілуіне де ықпал етеді. Сондықтан инсулиннің жиі және жоғары деңгейде бөлінуі майдың жиналуына әсер етуі мүмкін. Бірақ интервалды ашығу барлық адамға бірдей қажет немесе міндетті әдіс емес. Оның тиімділігі көбіне адамның жалпы тамақтану сапасына, тұтынатын калория мөлшеріне және өмір салтына байланысты. Сондықтан бастысы – дұрыс әрі теңгерімді тамақтану”, – дейді Айгүл Дурманова.
Осы тұста Obesity Canada заманауи клиникасы денсаулықты сақтау тек денеге қамқорлық жасаумен шектелмеуі тиіс екенін атап өтеді. Өмір салтын түзету, мінез-құлықтық терапиядан өту және қажет болған жағдайда дәрілік терапия қажет. Бұл ретте қажет және сенімді ақпараттың қолда болуы маңызды. Қазақстанда артық салмағы бар адамдарға арналған арнайы білім беру сайты, яғни NovoCare жұмыс істейді. Ол медициналық сауаттылықты арттырып, салмақты бақылауға қатысты қауіпсіз әрі саналы көзқарас қалыптастыруға көмектеседі.
Осы тұста дәрігер кей адамның қандай мөлшерде тамақ жесе де артық салмақ жинамауының себебін түсіндірді. Олардың ағзасында зат алмасу процесі өте жақсы жүреді дейді Айгүл Дурманова.
“Сондай-ақ адамның өмір бойы арық әрі сымбатты болып жүруі белгілі бір дәрежеде инкретиндердің әсері болуы мүмкін. Инкретиндер – ішекте өндірілетін гормонға ұқсас заттар. Олар тәбетті, ас қорытуды және қандағы қант деңгейін реттеуге қатысады. Егер ағзада инкретиндер жеткілікті мөлшерде бөлінсе, адам өзін тезірек тоқ сезінеді, артық тамақ жемейді және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстап тұруы оңай. Сондықтан мұндай адамдар өмір бойы арық болады. Дегенмен дене салмағына инкретиндер ғана әсер етпейді. Оған тұқымқуалаушылық, тамақтану әдеттері, физикалық белсенділік, ұйқы және басқа да көп фактор ықпал етеді”, – дейді профессор.

Дәрігердің айтуынша, мемлекет те өз тарапынан артық салмақтың алдын алудың амалын жасап жатыр.
“Ересектердегі семіздік бойынша клиникалық хаттама дайын, ал қазір ол балалар арасындағы семіздік бойынша хаттама дайындап жатыр. Жоспар бойынша барлық газдалған сусынға қосымша салық салынуы мүмкін. Сонымен қатар балалардың денсаулығына кері әсер ететін фастфуд өнімдеріне де қосымша акциздер енгізу қарастырылуда. Мектептерде де белгілі бір шектеулер бар. Қазір көп мектептерде газдалған сусындар мен тәтті шырындар сатылмайды. Сондықтан бұл бағытта да шектеу шаралары енгізілген”, – деді дәрігер эндокринолог.

Сондай-ақ Айгүл Дурманова бұл шаралардың ересектерге де қатысты болуы мүмкін екенін атап өтті.
Сараптамалық пікірталасты журналист Динара Сәтжан мен кәсіпкер Әсел Машанова жүргізіп, аудиториямен кері байланыс орнатты. Пікірталасқа жиналған қауым жиын соңында өздерін қызықтыратын сауалдарды қойып, дәрігерден жауап алуға тырысты.
"Төсеме деп айтқаным үшін әкемнен сөз естідім": Қазақстандықтар етеккір туралы айтуды "ұят" көретіндерді сынады