Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)
Әлеуметтік желіде той үстінде жақындарына үй мен көлік сыйлаған ақтөбелік Еркін Құрманиязовтың видеосы көпшіліктің ықыласына бөленді. 37 жастағы азамат көлігін сатып, екі апасына баспана алып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еркін Құрманиязов танымал кәсіпкер емес. Саудада жүрген қарапайым азаматтардың бірі. Хромтау ауданының Бөгетсай ауылында дүниеге келген. Оның айтуынша, әкесі өмір бойы жалданып мал бақса, анасы мектепте еден жуушы болып еңбек еткен.
“Ақтөбеге ештеңесіз келдім. Қолымда бір тиын болған жоқ. Қатарластарым жоғары оқу орнына түсіп жатқанда мен құрылысқа жұмысқа шықтым. Такси жүргіздім, өрт сөндіруші, күзетші болдым. Алып-сатумен айналыстым. Қандай жұмыс болса да істедім. Сол жолда бауырларым “не істесең де саған сенеміз” деп әрдайым қолдау көрсетті. Қасымда үнемі солар жүрді”, – дейді ол.
Еркіннің өзі де биыл баспаналы болған. Қоныс тойы мен үйлену тойын біріктіріп, қыста үлкендердің батасын алғанын айтты. Ал жуырда аралас шайға тек ең жақын 50 туысын шақырып атап өткен. Бұл сәт желіге тарап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
“Мақтанатын ештеңе жоқ. Үлкен той жасағым келмеді. Ата-анамыз өмірден өтті. Қиын кезде үш бауырым тіреу болды. Жоқшылықта қолындағысын бөліп берді. Сондықтан оларды қуантқым келді. Ысырап жасаудан сол маңыздырақ”, – дейді кәсіпкер.

Сол күні ол Астанада тұратын үлкен әпкесіне екі бөлмелі пәтер, екінші әпкесіне Ақтөбеден үй сыйлады. Сондай-ақ үнемі қолдау көрсетіп жүрген күйеу баласы мен қарындасына көлік тарту етті.
Әлеуметтік желіде "мұраға қалған дүние шығар" деген пікірлерге де жауап берді.
“Ешқандай мұра алған жоқпын. Барлығы – адал еңбектің жемісі. Қазір саудамен айналысамын. Машинамды сатып, сол ақшаға екі әпкеме үй, күйеу балама көлік алып бердім”, – дейді Еркін.
Жұбайы Айнұр да жолдасының бұл шешімін толық қолдаған.
Ал Еркіннің әпкесі Айымгүл інісін отбасының тірегі деп сипаттайды. Айтуынша, ол әке орнына әке болған адам. Өте бауырмал, қамқор. Әрдайым қолынан келгенше көмектесіп жүреді дейді.
Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)