Қытай мен Ресей екі ел арасындағы алғашқы трансшекаралық жолаушыларға арналған аспалы жолдың құрылысын аяқтады
Қытай мен Ресей арасындағы алғашқы трансшекаралық жолаушылар аспалы жолының негізгі құрылысы аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аспалы жол Қытайдың Хэйлунцзян провинциясындағы Хэйхэ қаласы мен Амур өзені арқылы Ресейдің Благовещенск қаласын байланыстырады. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Аспалы жолдың құрылысы 2019 жылдың шілде айында екі шекаралас өңір арасындағы көлік байланысын дамыту бағдарламасы аясында басталған. Қазір мердігерлер жабдықтарды орнатып, жүйелерді біріктіру жұмыстарын аяқтап, жолаушы тасымалдауға ашылар алдында сынақтан өткізуі тиіс.
Жаңа өткел Хэйхэ мен Благовещенск арасындағы жол жүру уақытын 6-8 минутқа дейін қысқартады. Аспалы жолдың ұзындығы шамамен 970 метрді құрайды. Ол әрқайсысы 110 жолаушыға арналған екі кабинамен жабдықталады. Кабиналардың ең жоғары жылдамдығы секундына шамамен 12 метрге жетсе, есептік өткізу қабілеті жылына бір бағытта 2,6 миллион сапарға дейін болады.
Қазір өңірлер арасындағы қарым-қатынасты 2022 жылы ашылған Амур өзені арқылы өтетін автомобиль көпірі қамтамасыз етеді. Ол Қытай мен Ресей арасындағы алғашқы автомобиль көпірі болды. Сонымен қатар қатынас паром арқылы да жүзеге асырылады.
Екі ел билігі аспалы жол іске қосылғаннан кейін жолаушылар ағынының артып, шекара маңындағы аумақтар арасында туризм, сауда және іскерлік байланыстар дамиды деген үмітте.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда Қытайға шығатын теміржол құрылысы 52%-ға аяқталғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)
