Ер адам ChatGPT кеңесінен кейін ас мәзірінен тұзды толық алып тастап, ауруханаға түсті
АҚШ-та ас тұзын пайдалы баламамен алмастырмақ болған 60 жастағы ер адам ChatGPT-ден кеңес алып, соңында бромидпен уланып, психоз белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі livescience.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ-тың Сиэтл қаласында тұратын 60 жастағы ер адам ChatGPT ұсынған кеңесті орындағаннан кейін бромидпен уланып, психоз белгілерімен ауруханаға түсті.
Науқас дәрігерлерге көршісі өзін уламақ болды деп күдіктеніп, көру және есту галлюцинацияларына шағымданған. Ол қатты шөлдегенімен, өзіне ұсынылған суды ішуден қорыққан.
Алғашқы қан талдауы ағзадағы хлорид деңгейінің жоғары екенін көрсеткенімен, қосымша зерттеулер бұл көрсеткіштің жалған нәтиже екенін анықтады. Мамандар Улануды бақылау орталығының көмегімен науқасқа бромизм – бромидпен улану диагнозын қойды. Қанындағы бромид мөлшері қалыпты деңгейден шамамен 230 есе жоғары болған.
Дәрігерлердің айтуынша, бромид жүйке жүйесінің жұмысына әсер етіп, паранойя, галлюцинация және басқа да психикалық бұзылыстарға әкелуі мүмкін.
Науқас үш апта бойы ауруханада ем қабылдап, электролит теңгерімі қалпына келтірілді. Паранойя белгілеріне байланысты оған антипсихотикалық ем де жүргізілген. Кейін оның жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды.
Емдеу барысында ер адам ас тұзынан бас тартқысы келгенін және ChatGPT-тен балама сұрағанын айтқан. Чат-бот оған натрий хлоридінің орнына натрий бромидін қолдануды ұсынған. Науқас бұл кеңесті үш ай бойы орындап келген.
Дәрігерлер кейін дәл осындай сұрақты қайтадан ChatGPT-ге қойған кезде, жүйе тағы да бромид тұздарын балама ретінде ұсынып, оның денсаулыққа қаупі туралы ескерту бермегенін мәлімдеді.
Мамандар бұл жағдай жасанды интеллект ұсынған медициналық кеңестерге толықтай сенуге болмайтынын көрсететінін айтады. Ал OpenAI компаниясының пайдалану талаптарына сәйкес, ChatGPT берген денсаулыққа қатысты ақпарат міндетті түрде медицина маманының кеңесімен тексерілуі тиіс және емдеу шешімдері тек чат-боттың жауабына негізделмеуі керек.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та тұратын Скотт Уинтерс ChatGPT берген денсаулыққа қатысты кеңестерге сеніп, дәрігерге уақытында қаралмағанын айтып, OpenAI компаниясын сотқа берген еді. Оның айтуынша, кейін өкпе артериясының ауыр тромбоэмболиясына шалдығып, өміріне қауіп төнген. OpenAI өз кезегінде ChatGPT дәрігердің орнын баспайтынын және оны диагноз қою немесе ем тағайындау үшін қолдануға болмайтынын мәлімдеді.
Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)
