Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма жолымен жүру ақысы қымбаттайды

БАКАД жол жүру ақысы
Фото: Алматы әкімдігі

16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында (БАКАД) жол жүру ақысы қымбаттайды. Тиісті бұйрықты Қазақстанның Көлік министрлігі бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жеңіл автокөліктер үшін жол жүру ақысы 0,07 АЕК-тен 0,14 АЕК-ке дейін, яғни 302,75 теңгеден 605,5 теңгеге өседі. Ал көлік құралдарының өзге санаттары үшін мынадай тарифтер белгіленеді:

  • Жеңіл көліктер – 0,14 АЕК (605,5 теңге);
  • 16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көліктері – 0,16 АЕК (692 теңге);
  • 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көліктері – 0,28 АЕК (1211 теңге);
  • 32 орыннан асатын автобустар және 10 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көліктері – 0,32 АЕК (1384 теңге);
  • 10-15 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көліктері – 0,4 АЕК (1730 теңге);
  • 15 тоннадан астам жүк көтеретін жүк көліктері, тіркемелі көліктер мен ершікті тартқыштар – 0,44 АЕК (1903 теңге).

Сонымен қатар Алматы облысының Талғар, Қарасай және Іле аудандарында тіркелген көліктер үшін айлық және жылдық абонемент құны да өзгереді.

БАКАД жол жүру ақысы

Жеңіл көліктер үшін:

  • Айлық абонемент – 0,5 АЕК (2162,5 теңге);
  • Жылдық абонемент – 5 АЕК (21 625 теңге).

Сондай-ақ жүргізушілер алдын ала төлем немесе кейінгі төлем жүйесін пайдаланған жағдайда 50%-ға дейін жеңілдік ала алады.

Жаңа өзгерістер 16 тамыздан бастап күшіне енеді.

Еске салайық, 2023 жылдың 21 шілдесінен бастап Үлкен Алматы айналма жолы ақылы болған еді. "БАКАД Инвестиция және Операциясы" ЖШС  2023 жылға арналған ҮАААЖ-мен жүретін жеңіл автокөлік 241,5 теңге төлейтін еді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 06 Тамыз, 2026 14:47